15 наурызда ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешевтің қатысуымен Алматы облысы кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Үйлестіру кеңесінің отырысы өткізілді.
Жиынға Үйлестіру кеңесінің мүшелері, кәсіподақтар орталығының өкілдері, салалық кәсіподақтар қалалық және аудандық филиалының және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері қатысты.
Басқосуды ашқан Алматы облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Әсет Қыдырманов 2021 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.
Оның айтуынша, былтыр жаңа 82 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, оған 7 394 жұмыскер мүше болған. Биыл жыл басынан бері тағы да 24 бастауыш ұйымы құрылып, 1 509 мүше қосылған.
Айта кетерлігі, өңірдегі 2 салалық кәсіподақ ұйымына 932 бастауыш кәсіподақ ұйымы кіреді, оларда 100 мыңнан астам кәсіподақ мүшесі бар. Бұл көрсеткіш облыстағы жұмыспен қамтылған халық санының 31,1 пайызы.
Алматы облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы әлеуметтік әріптестік Алматы облысының әкімдігі, Кәсіподақтар орталығы және өңірдегі жұмыс берушілер бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған облыстық келісім бойынша жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Өткен жылы облыстық үшжақты комиссияның 12 отырысы өткізілген. Жиындарда еңбек шиеленістері тәуекелі бар кәсіпорындардағы еңбек қатынастары мәселелері, жазатайым оқиғалардың алдын-алу шаралары қаралған. Үшжақты комиссияға облыс әкімі төрағалық етеді.
Сондай-ақ, облысы әкімдігінің сайтында «Әлеуметтік әріптестік» бөлімі ашылып, оған облыстық келісім, оның тараптары туралы мәліметтер және заңнама талаптары орналастырылған.
Әсет Қыдырмановтың айтуынша, облыста салалық кәсіподақтарға қарасты 932 бастауыш кәсіподақ ұйымы ұжымдық шартпен 100% қамтылған.
Статистика деректері бойынша өңірде жұмыс істеп тұрған жеке меншік кәсіпорындардың саны 25 129. Оның ішінде ірі – 125, орта – 535, 24 469 шағын бизнес бар. Ал осы нысандарда барлығы 17 087 ( қамтылу деңгей 68%, оның ішінде ірі және орта кәсіпорындар 100%) ұжымдық шарт жасалған.
Алматы облысы кәсіподақтар орталығының төрағасының мәліметінше, үш жақты комиссиясы жұмысы аясында 2021-2023 жылдарға арналған Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы бекітілген. Кәсіподақ ұйымы бар мекемелер мен кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 610 өндірістік кеңес құрылған және 932 техникалық инспектор қоғамдық негізде жұмыс істейді.
«Былтыр облыс бойынша еңбек қызметіне байланысты 26 жазатайым оқиға орын алып, 26 жұмыскер зардап шексе, оның ішінде 1 адам (теміржол саласында) қайтыс болды», – деді Әсет Қыдырманов.
Кәсіподақ орталығының төрағасы, кәсіпорындар мен ұйымдарда еңбек жағдайын жақсарту, өндірістік жарақаттануды, кәсіптік ауруды төмендету мақсатында «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero» тұжырымдамасын іске асыру жоспары әзірленгенін атап өтті. Сондай-ақ кәсіподақ орталығы «Халықтық бақылау» жобасын енгізуде.
Кәсіподақтар орталығы облыста еңбек қатынастарын реттеу, оның ішінде облыс кәсіпорындарында еңбек жанжалдары мен дауларының алдын алу және жол бермеу бойынша жұмыстар жүргізіп келеді.
Облыстық сотпен меморандум аясында ашылған «Татуласу орталығында» өткен жылы әртүрлі сипаттағы 37 өтініш қаралып, 32-ісі оң шешім тапқан.
Кәсіподақ орталығындағы Заң клиникасында еңбек қатынастарына қатысты 133 адамнан өтініш түсіп, 119-ы қанағаттанарлық жауап алды.
Сондай-ақ кәсіподақтар орталығы азаматтармен еркін диалог алмасу үшін де қоғамдық қабылдау өткізеді. Қабылдауға келген 235 адамға жалақы, әлеуметтік көмек сияқты сұрақтары бойынша толыққанды жауап берілген.
Әсет Қыдырманов кәсіподақ ұйымдарында еңбек дауларының алдын алу бойынша үнемі мониторинг жұмысы жүргізілетінін жеткізді. Соның нәтижесінде өткен жылы әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, 4 бастауыш ұйымдағы еңбек дауының алды алынып, көтерілген мәселелер шешілген.
Бұдан кейін ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Vision Zero» тұжырымдамасының өңірде жүзеге асырылу жайын сұрады.
Сұраққа жауап берген Алматы облысы кәсіподақтар орталығы Әсет Қыдырмановтың айтуынша, былтыр 52 кәсіпорын жобаға қосылып, кәсіподақпен бірге осы жұмысты жүргізуге ынталы екендігін білдірген.
Бұдан кейін сөз алған Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Алматы облыстық филиалының төрағасы Мелс Төлепбергеновтің айтуынша Еңбекшіқазақ, Іле, Ұйғыр аудандарында салалық кәсіподақ ұйымының филиалдары ашылған.
«2022 жылдың қаңтар айында 2 қалалық, 10 аудандық филиалдары, 24 жоғары арнаулы орта оқу орындары мен спорт мекемелеріндегі 440 бастауыш кәсіподақ ұйымында 28 мыңнан астам кәсіподақ мүшесі тіркелген», – деді Мелс Төлепбергенов.
ҚР КФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев таяуда интернетте жарияланған оқушы мен педагогке қатысты оқиғаның мән-жайын сұрады.
Мелс Төлепбергеновтің айтуынша, ұстазын балағаттаған оқушыға қатысты видеодағы оқиға Талдықорған қаласындағы орта мектептердің бірінде болған. Қазір баланың ата-анасы жауапкершілікке тартылып, қомақты сома көлемінде айыппұл салынған. Бұл іс бойынша арнайы органдар жұмыс жүргізіп жатыр.
Бұдан кейін өңірдегі білім мекемелерінде техникалық қызметкерлер мен басқа да персоналдар медициналық тексеруден ақылы түрде өтетіні айтылды, ал ол мұғалімдер үшін – тегін, сұрақ қоюшылар мәселені шешуде көмек беруін сұрады.
Сұраққа жауап берген, Алматы облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Әсет Қыдырманов мәселені шешуді өз мойнына алатынын атап өтті.
«Үш жыл бұрын 60 мыңға жуық мұғалімнің медициналық тексеруден тегін өтуі мәселесін әлеуметтік әріптестермен бірлесіп шешкенбіз. Қазір оған бюджеттен жыл сайын 180 млн теңге бөлінеді. Сол секілді, осы мәселені де қолға аламыз. Оған қанша қаржы кететінін есептеп шығып, сұраным әзірлейік. Сосын мен өзім облыстық мәслихатта депутаты ретінде уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп мәселені шешуге атсалысамын», – деп жауап берді Әсет Қыдырманов.
Бұдан кейін білім саласында істейтін, алайда бұрын Семей өңірінде тұрған, ядролық жарылыстардан зардап шегуші адамдардың өтемақысына қол жеткізе алмай жүргендердің мәселесі көтерілді.
Сауалға жауап берген облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы мәселе Үкімет қаулысы бойынша реттелетінін еске салды. Сондай-ақ ол салалық білім қызметкерлері кәсіподағы филиалымен бірге осы мәселені талдап шығып, жергілікті атқарушы органдарға шешуді ұсынатынын атап өтті. «Мәселені сараптап алайық. Білім саласы ғана емес, басқа да салаларда осындай азаматтар істейді. Аудандар мен қалалар осындай адамдардың санын анықтау керек. Ал мәселе жергілікті жерде шешімін табады, оған кірісеміз», – деді Әсет Қыдырманов.
Жиын соңында сөз алған ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев кәсіподақ белсенділерін оқыту жүйесіндегі өзгерістерге тоқталды.
«Былтырдан бастап жергілікті кәсіподақ өкілдерін оқытуды қолға алдық. Онлайнда бірнеше семинар өткіздік. Қазір Кәсіподақ көшбасшылары мектебі ұйымдастырылып жатыр. Үш айлық курсты тыңдаушыларға 36 сағаттық арнайы тақырыптағы дәрістер өткізіледі. Оған жаңадан сайланған бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшілері, кәсіподақ комитетінің мүшелері қатысады. Тыңдаушылар кәсіподақ қозғалысының жұмысын ұйымдастыру, қозғалыс қызметін реттейтін құқықтық талаптарды және басқа да тәжірибелік сабақтарды үйренеді», – деді Нұрлан Өтешев.
Кәсіподақтар Федерациясының төрағасының орынбасары екінші жоба – онлайн оқыту тұғырнамасы әзірленіп жатқанын жеткізді. Оны кез келген уақытта үйренуге болады, аудио-видео дәрістер тақырыптарға бөлініп, онлайнда орналастырылады. Үшінші жоба – арнайы оқытып, дайындалған шағын топ облыс орталықтарына барып, жергілікті кәсіподақ өкілдеріне семинарлар өткізеді.
Кәсіподақтар федерациясының төрағасының орынбасары «кәсіподақ реабилитация» деп аталған жоба іске асырылып жатқанын айтып өтті.
Оның айтуынша, кәсіподақ тарапынан пилоттық режимде шипажайларға жолдама беру арқылы медициналық-оңалту жобасы қолға алынған. Бұл жобаның Жамбыл облысының Меркі ауданында орналасқан «Мерке Радон» шипажайында басталғандығын айтқан ҚР КФ төрағасының орынбасары оның үш маңызды ерекшілігіне тоқталды.
Нақтырақ айтсақ, демалыс және сауықтыру орталығына жолдамаға қол жеткізу үшін жергілікті емханаға жүгіну жеткілікті. Ем-дом алу ақысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қорынан төленеді және шипажайда 300-ден астам сырқаттан емделуге болады.
Сауықтыру орталығына жолдау жобасы жыл сайынғы еңбек демалысында ғана емес, сондай-ақ жұмыс барысында уақытша еңбекке жарамсыз кезеңінде де қол жеткізуге болады.
ҚР КФ төрағасының орынбасары Федерация тарапынан еңбек дауының алдын алуға бас мән берілетінін атап өтті.
«Еңбек консультациясы – еңбек жанжалының алдын алу үшін жүйелі түрде кәсіподақ пен жұмыс беруші арадағы диалог. Бұл – белгіленген мерзім ішінде кәсіподақ пен жұмысберуші тарапы өзара түсіністікке жету үшін, қалыптасқан ахуалды сипаттайтын толық ақпаратпен алмасады», – деді Нұрлан Өтешев.
Үйлестіру кеңесіне қатысқан аумақтық кәсіподақ өкілдері төрағаның орынбасарына сұрақтар қойып, оған жауап алды және өз ұсыныстарын айтты.
Сөз соңында, ҚР КФ төрағасының орынбасары Алматы облысындағы кәсіподақ ұйымдарының жұмысты жүйелі деңгейге көтергені үшін ризашылығын білдірді.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы