Ақтөбеде кәсіподақ ұжымы Наурыз мерекесін атап өтті

Күн мен түн теңеліп, жыл келгенін білдіретін Наурыз мейрамын Ақтөбеде аумақтық кәсіподақтар бірлестігі ұжымы да кеңінен атап өтті. Мұнда Салалық кәсіподақтардың Ақтөбе филиалдарының жетекшілері мен қызметкерлері бас қосып, қала тұрғындары мен студент жастар да бұл күні ұлттық киім киіп, сән-салтанатпен жиналды.

Бұл жиынға ұжым мүшелерімен бірге іскерлік және әлеуметтік әріптестер де шақырылды.

«Ақтөбе облыстық кәсіподақ орталығы» аумақтық бірлестігінің төрағасы А.Әмірғалиев биылғы жылдың ерекшеліктеріне тоқталып, еңбек адамының әлеуметтік құқығы мен мүддесін қорғау жолындағы жаңа бастамаларға тоқталды.

Наурыз мейрамын атап өтуге Ақтөбе облыстық инспекция басқармасының басшысы А.Мырзалин де қатысты.


« Наурыз — уақыт лебімен қайта жаңарып, жаңғырған мереке. Ата-бабамыз осы күнді тектен-текке атап өтпеген. Бұл — табиғаттың ояну кезеңі. Еліміздің аспаны ашық болсын, отбастарыңызға құт-береке тілейміз», – деп кәсіподақ жетекшілері жиналғандарға жылы лебіздерін білдірді.