ҚРКФ Атқару комитеті: «Азаматтардың мемлекетті басқарудағы рөлін арттыру – елді саяси жаңғыртудағы маңызды қадам»

Бүгін, 18 наурызда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің жетекшілігімен ҚРКФ Атқару комитеті мүшелерінің кезекті отырысы өтті.

ҚРКФ төрағасы әріптестерін Кәсіподақтар федерациясы басшылығының Атырау, Маңғыстау және Қарағанды ​​облыстарына жұмыс сапарларының қорытындылары туралы хабардар етті, онда әлеуметтік әріптестермен келіссөздер, еңбек ұжымдарымен және өңірлердің кәсіподақ активімен кездесулер өтті.

Оның айтуынша, өңірлерге сапарлардың негізгі мақсаттарының бірі еңбек жанжалдары бойынша Тәуекелдер картасына енгізілген кәсіпорындарда әлеуметтік әріптестермен келіссөздер жүргізу болды.

«Еңбек қатынастары, ең алдымен, жұмыскерлер мен жұмыс беруші арасындағы келіссөздердің нысаны болып табылады. Еңбек консультацияларының тиімді нәтиже беретінін «Ембімұнайгаз» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Жетібаймұнайгаз» АҚ көрнекті үлгілерден байқауға болады. Бұл кәсіпорындарда ұжымдық шартта көрсетілген барлық әлеуметтік кепілдіктерді жұмыс беруші жұмыскерлер өкілдері – кәсіподақ ұйымдарымен келіседі», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин. «Әрбір қызметкердің үні естілуі керек», – деп қосты төраға.

ҚРКФ төрағасы әріптестеріне аймақтық және салалық келісімдердің мазмұнына баса назар аударуды және осы келісімдердің орындалуын қадағалауды, қажет болған жағдайда әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, тиісті толықтырулар енгізуді ұсынды.

Атқару комитетінің мүшелері, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылады.

ҚРКФ Атқару комитетінің мүшелері атап өткендей, ел Президентінің азаматтардың мемлекетті басқарудағы рөлін, оның ішінде сайлау үдерістері арқылы арттыруды қозғайтын бастамалары елді саяси жаңғыртудағы маңызды қадам болып табылады.

«Саяси партияларды тіркеу шегін төрт есеге – 20-дан 5 мың адамға дейін қысқарту, Қазақстанның әрбір азаматы, барлық азаматтық қоғамы мемлекетті басқаруға толыққанды қатысуы үшін пропорционалды-мажоритарлық үлгіге негізделген аралас сайлау жүйесін енгізу», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.

Еске салайық, Президент Қазақстан халқына Жолдауында сайлау жүйесін жетілдіру мәселесін көтерген болатын. Мәжіліс депутаттарының 70%-ы пропорционалдық жүйе бойынша, 30%-ы көпшілік дауыспен жасақталады. Аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына сайлауда да енгізіледі. Сондай-ақ, аудан, қалалардағы сайлауды толық мажоритарлық жүйеге көшіру ұсынылды.

«Мәслихаттардың аймақтық мәселелерді шешудегі ерекше рөлін ескере отырып, жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін одан әрі қорғау үшін біздің кәсіподақ жетекшілерінің мәслихаттарға сайлануына қолдау көрсетуіміз керек», – деді ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев.

Атқару комитеті мүшелерінің пікірінше, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру – Мемлекет басшысы ұсынған Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарының құрылуы осы аймақтардың тұрғындарының пайдасына шешілген әділ шешім болып табылады.

«Кәсіподақтар осы жаңа аймақтарда кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктерін құруға кірісуі қажет. Бұл кәсіподақ мүшелігінің аясын айтарлықтай кеңейтеді, бұл өз кезегінде жергілікті кәсіпорындар мен ұйымдар жұмыскерлерінің әлеуметтік және еңбек құқықтарын тиімдірек қорғауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Атқару комитетінің мүшелері.

Атқару комитетінің отырысы барысында 2021 жылы ҚРКФ шипажайлық-курорттық кешеніне өткізілген ақпараттық турға қатысушылардың ҚРКФ қатысу үлесі бар шипажайларға жолдамалардың бағасына жеңілдіктер ұсыну туралы көптеген өтініштеріне байланысты ҚРКФ активтерін басқару жөніндегі дирекциясы «Қазақстанның кәсіподақтық сауықтыру орындары» Бірыңғай ақпараттық-талдау орталығын құру туралы ұсыныс жасады.

Атқару комитетінің мүшелері көпшілік дауыспен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 2022 жылға арналған негізгі іс-шараларының Кешенді жоспарын және Әлеуметтік әріптестік жылына арналған іс-шаралар жоспарын бекітті, оның аясында «2022 жылдың үздік ұжымдық шарты» республикалық байқауы өтеді. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының жанынан кәсіподақ көшбасшыларының мектебі жұмыс істей бастайды.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы