Әз-Наурыз – бірліктің,  ізгілік пен жақсылықтың мерекесі

Құрметті әріптестер, баршаңызды жаңару мен жаңғырудың, ырыс пен молшылықтың мерекесі – Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

Наурыз мемлекеттік мереке ретінде жарияланып, шын мәнінде жалпыхалықтық мейрамға айналды. Халқымыз ежелден Әз-Наурызды бірліктің,  ырыс пен ынтымақтың, ізгілік пен жақсылықтың мерекесі ретінде атап өтіп келген.

Наурыз – жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағы. Қыс ызғары кетіп, табиғат ұйықысынан оянатын жылдың әдемі мезгілі басталады. Көктемнің осынау жаймашуақ күнінде адамдар өзгеге өкпе-реніштерін ұмытып, татуласуға ұмтылады. Ағайын-туысының, ауылдасының үйіне барып, наурыз көже ішіп, мерекеге жайылған дастарханнан дәм ауыз тиеді.

Кәсіподақ қозғалысының ұстанымдары осы мерекенің ізгілікке бастаған сипатымен астасып жатыр. Олай дейтініміз еңбек ұжымдарындағы ауызбіршілік, еңбеккерлердің өзара сыйластығы, кәсіподақтың тараптар арасындағы келіспеушілікті бітістіріп, ортақ оңтайлы шешімге келтіруінің түйіні де мейрамның ынтымаққа, татулыққа шақыруына сәйкес келеді.

Еңбегімен елдің көркеюіне үлесін қосып жүрген жандардың мәртебесі биік, мерейі үстем болсын! Күн мен түнді теңестіріп, тіршілікті жаңартқан Наурыз елімізге тыныштық, халқымызға молшылық, әрбір шаңыраққа шаттық әкелсін! Келіп жеткен жаңа барыс жылы құтты болсын! Ұлыс оң, ақ мол болсын, ағайын!

 

Ізгі ниетпен,

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы

Сатыбалды Дәулеталин