Ұлыстың ұлы күнінде Мұғалжар ауданының педагогтері ақ шаңқан киіз үйлер тігіп, қазан көтерді, мерекенің нышаны – Наурыз көже пісіріп, көпшілікке ауыз тигізді.
Аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қолдауымен өткен мерекелік шараға білім бөліміне қарасты мектептер мен балабақшалардың кәсіподақ мүшелері қатысты. Жиналғандарды аудандық білім бөлімі басшысы Г.Нұрсұлтанова мен кәсіподақ ұйымының төрағасы Е.Шымқаев Наурыз мерекесімен құттықтады.
Ұлыстың ұлы күнінде білім беру ұйымдарының басшылары, кәсіподақ белсенділері аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының бірлескен марапатына ие болды. 40-тан астам мұғалімге “Мерке”, “Сарыағаш”, “Шипагер” емдеу-сауықтыру орталықтарына жолдама берілді.
Ән мен жырмен өрілген салтанатты кеш ұлттық ойындармен жалғасын тапты. Спорттық жарыстардың жеңімпаздарына да кәсіподақ тарапынан сыйлықтар таратылды.