«Еңбеккер бейнесінде» – белгілі театр және кино әртісі, кәсіподақ ұйымының төрайымы Зибагүл Жақсылыққызы Карина

Карина Зибагүл Жақсылыққызы 1960 жылы Қостанай облысы, Жанкелді ауданында дүниеге келген.

Тағдырдың қалауымен өнер саласына бет бұрып, алғашқы еңбек жолын 1977 жылы Арқалық музыкалық драма театрында актриса болып бастаған.

1979-1983 жылдары Алматыдағы театр және көркемсурет институтында оқып, кино және драма актері мамандығы бойынша тәмамдайды.

1983-1988 жылдары Торғай облысының Арқалық қаласындағы драма театрында, 1988-1995 жылдары Жезқазған қаласында қазақ музыка драма театрында қызмет атқарады. Кәсіби біліктігін арттыру мақсатында Мәскеу қаласында профессор М.Гладков пен М.Новохожиннан тәжірибе жинақтайды.

Осы жылдар аралығында Ғ.Мүсіреповтің мерейтойлық фестивалінде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклі Гран-При алып, Баян рөлі үшін дипломмен марапатталады. 1993 жылы аталмыш спектакль Египеттегі Халықаралық театрлар фестивалінде жоғары бағаланды.

З.Карина 1995 жылдан бастап елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында қызмет атқарып келе жатыр.

Карина Зибагүл Жақсылыққызы өзін тек драма актері ретінде ғана емес, сондай-ақ кино актері ретінде де көрсетуде.

Ол түскен Б.Мансұровтың «Сайтан көпір», К.Салықовтың «Балкон», Д.Манабаевтың «Сұрапыл Сұржекей», «Кек» фильмдері киносыншылар тарапынан жоғары бағаға ие болған, халықаралық кинофестивальдерінде топ жарып, Қазақфильмнің алтын қорында сақталған.

100 бөлімді ауқымды «Қара шаңырақ» телехикаясында Меруерттің анасы – Рыскүл Ахметқызының, А.Дайырбеков, С.Рүстембековтың «Айман-Шолпанында» – Несібелі рөлдерінде ойнаған.

Актрисаның басты рөлдерді сомдаған спектаклдер мен кинолардың барлығы дерлік халықаралық театр,кино фестивалдерінде бас жүлдеге ие болған.

Зибагүл Жақсылыққызы телевизия саласында да түріктің 50 сериялы «Цветущие мечты» фильмін қазақша сөйлетуге қатысты.

Қазақ ұлттық өнер университетінде «вокал өнері» кафедрасында актер шеберлігі мен сөйлеу мәдениеті пәндерінен сабақ берді. Өз ісінің қыр-сырын меңгерген актрисаның шәкірттерінің қатарында еліміздің атын әлемге танытып жүрген С.Байгожин, А.Жылтыргөзовтар бар. Өзге шәкірттері де Республикалық, Халықаралық байқауларда топ жаруда.

Биыл Карина Зибагүлдің театр саласында еңбек еткеніне 45 жыл толды. Оның қазақ театры мен киносының өркендеуіне қосқан үлесі мол. Өнер саласындағы еңбектері бағаланып, бірнеше рет «Алғыс хаттар» мен «Грамоталармен» марапатталды. 2014 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атанды.

27- наурыз Халықаралық театр күні қарсаңында Зибагүл Жақсылыққызын кәсіби мерекесімен құттықтап, өнеріңізге тәнті көрермендеріңіздің ықыласына бөлене беруіне, жаңа шығармашылық ізденістер мен табыстарға жете беруіне тілегімізді білдіреміз.