Жаңа жылдың бастауы – Наурыз бүкіл Қазақстан халқының ортақ мерекесі. Наурыз – әлем халықтары арасындағы жылдың жаңаруын алғаш әйгілейтін, ежелгі мереке. Атырау облысының Кәсіподақтар үйінде «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шара жиналған көпшілікке зор әсер сыйлады.
Емдеу-сауықтыру мекемелерінен қатысқан кәсіподақ ардагерлері мен белсенділерін, бастауыш ұйым жетекшілерін Наурыз мейрамымен филиал төрағасы Майра Кашкенова құттықтады.
«Арайлап жеткен Әз-Наурыз мейрамында ақ мол болып, жылымыз ырысты болсын. Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, бейбітшілік пен келісімнің арқауы болған Ұлыстың Ұлы күні жанұяларыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге толағай табыстар әкелсін!», – деген ол адам жаны үшін арашаға түсіп, абырой биігінен көрініп жүрген облыстық аурухананың дәрігер-хирургі Рафхат Қанатовты, №1 қалалық емхананың бала дәрігері Роза Елеусінованы және басқаларды кәсіподақтағы белсенді қызметтері үшін Құрмет грамотасымен, Алғыс хатпен, Кәсіподақтар федерациясының арнайы төсбелгісімен марапаттады.
Атырау жоғары медициналық колледжінің өнерлі студенттері шара қонақтарына ән-жырларын арнады.
Сонымен қатар, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалында Наурыз мейрамында қызметімен көпке қадірлі болып жүрген денсаулық сақтау саласының қатардағы қарапайым қызметкерлерінің еңбегін ескеру дәстүрі де қалыптасқан.
Жаңа жыл қарсаңында өткен мерекелік шарада филиал жетекшісі Майра Кашкенова медицина мекемелерінің айлық еңбекақылары төмен 33 қызметкеріне әрқайсысы 25 мың теңгелік азық-түлік сертификаттарын және 16 қызметкерге 100 мың теңгелік біржолғы әлеуметтік қолдау сертификаттарын табыс етіп, бір қуантып тастады.
Қуаныш иелері Ұлыстың ұлы мейрамы қарсаңында кәсіподақ тарапынан өздеріне көрсетілген осындай қолдау-көмектері үшін шынайы ризашылықтарын білдірді.