Кәсіподақ төрағасы Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтады

“Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жандос Шайдулла бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелерін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтады.

Наурыз – бұл ежелгі дәстүр бойынша Жаңа жылдың басталуы ғана емес, бұл сонымен бірге таңғажайып көктем мерекесі, табиғаттың қайта түлеп, қайта жаңғыруы.

Облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы: «Қазақстандағы жүздеген ұлт пен ұлыстардың өкілдері бір-бірімен тату-тәтті, берекелі өмір сүріп жатыр. Әз Наурыздың адам баласын ізгілік пен сыйластыққа, ынтымаққа тәрбиелейтін тереңнен тартар ежелгі қасиетін біз барлық қазақстандықтардың бойына дарытуға, оны өз өміріміздің салтына айналдыруға міндеттіміз», – деп, жиналысқа келген салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Түркістан облыстық ұйымының барлық мүшелерін шын жүректен құттықтап, сый-сияпатын көрсетті.

Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге Наурыз мейрамы барлық қазақстандықтар үшін жалпы халықтық сүйікті мерекесі. Көктемнің осы бір шағында табиғат қана түлеп қоймай, қоғамның ынтымағы мен бірлігін, бейбітшілігі мен түсіністігін нығайтатын адам даласының да жан-дүниесі жаңғыра түседі!