«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі осы салада ұзақ жылдардан абыройлы еңбек етіп жүрген 51 кәсіподақ мүшесінің «Атырау» шипажайына тегін демалуына мүмкіндік жасады. Олардың арасында педагогтармен қатар, біліктілігі жоқ техникалық қызметкерлер де болды. Шипажай қызметкерлері демалушыларға бірнеше емнің түрін ұсына алады. Атап айтқанда, атағы КСРО-ға кеңінен танылған «Қарабатан» саз балшығы, 325 метр тереңдіктен шығып жатқан минералды су (ванна), тұзды шахта, парафин және т.б. ем түрлері бар.
Емделуге келген қонақтарды шипажай директоры В.Өтеғалиева бастаған ұжым қарсы алып, мекеменің қызмет көрсету аясында әңгіме қозғады.
Кездесуде сөз алған «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы барша демалушыларды әз-Наурыз мерекесімен құтықтап, салалық облыс кәсіподақ ұйымының жұмыстарына қысқаша тоқтала кетті.
Емделуге келген қонақтар атынан ардагер ұстаз Б.Таубаев, Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының мұғалімі А.Дөкесова, Мақат ауданы М.Баймұханов атындағы орта мектептің мұғалімі М.Сатимова және басқа облыстық және қалалық, аудандық білім саласы кәсіподақ ұйымдарының жетекшілеріне шын жүректен ризашылдығын білдірді.