Алтынбек ӘМІРҒАЛИЕВ,
облыстық кәсіподақтар орталығының басшысы:
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы ерекше болды. Жолдауда халықтың көкейінде жүрген түрлі сауалдарға жауап берілді деп ойлаймын.
Менің көңілімнен шыққаны — Ұлттық құрылтайдың құрылатындығы және адам құқықтарының қорғалуына ерекше мән берілетіні.
Қазірдің өзінде ел тұрғындарының әлеуметтік ахуалын жақсартуға бағытталған «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы іске асуда. Бастама баянды болғай.
Ақтөбе облысындағы 132 мыңнан астам кәсіподақ мүшесінің құқығы мен мүддесін қолдайтын аумақтық бірлестік алдында да жаңа міндеттер тұр. Біз қарапайым жұмысшылардың еңбек құқығы мен мүддесін қорғау жолында әлеуметтік әріптестермен ашық диалог орнатуға, еңбеккерлердің көкейіндегі мәселелерді оң шешуге ықпал етуге күш саламыз. Осы орайда ел Президентінің де бұған ерекше мән беріп отырғаны қуантады. Өйткені мемлекеттің басты байлығы — адам. Бұл туралы Конституцияда да баса жазылған. Сондықтан оның мүддесі бірінші орында тұруы керек.
Президент осы жолғы Жолдауында бұрыннан халықтың көкейінде жүрген көптеген мәселелерге назар аударды. Басты мақсат халықтың әл-ауқатын жақсарту екені белгілі. Сол сәтімен іске асқай.