Келешегіміздің кемелденуі, болашағымыздың баянды болуы жалынды жастардың қолында. Сондықтан олардың идеясына құлақ асу, ой-пікірімен санасу қажет. Ерік-жігері мен еңсесі биік, мінезі өткір өрендердің шабытын ашуды күн тәртібінен түсірмейтін “Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы” ҚБ-нің Балқаш қалалық кәсіподақ ұйымы бүгін дебат турнирін ұйымдастырды.
Кәсіподақ көшбасшысы Асем Айтжанова сәттілік тілеген соң 12 команда сөз жарысқа кірісті. Өз ойын нақты әрі жүйелі жеткізе білетін жас мамандар білім саласының көшін алға жылжытудың жолдарын іздестіріп, пікірлерін ортаға салмақ. Онлайн оқытудың артықшылығы мен кемшіліктері, мектепте оқытылатын тиімділігі төмен пәндер, мектеп формасы мен бірыңғай ұлттық тестілеудің қажет/қажетсіздігі тақырыптарын талқыға салатын әріптестеріміз білім ошақтарында этика мен эстетика негіздерін енгізуді ұсынбақшы. Сонымен бірге, мектеп қабырғасында жыныстық тәрбие бойынша сабақтар өткізу қажеттігін алға тартып, үйге тапсырма берудің, үлгерімі төмен оқушыларды қатарға қосудың жаңаша әдіс-тәсілдерін іздестіреді. Тапқырлығымен және тез шешім қабылдай білуімен ерекшеленетір жүйріктердің сөз жарысы кешке дейін жалғаспақ. Дебат қорытындысы бойынша жеңімпаздар марапатталып, құрметтелмек.
Келелі кездесулер мен мағыналы шаралар өткізу арқылы жас мамандарды ширатып, тәжірибесін молайту, жүректерге ұлттық рухты ұялатып, жастарды тәрбиелеу ісіне үн қосу жұмысы – қашанда кәсіподақтың басты нысанында болмақ.