Еңбек бағалануымен құнды

Денсаулығымыз сыр беріп, жанымыз қысылғанда көмек қолын созуға қашанда дайын тұратын дəрігерлерді əрдайым дəріптеуіміз керек. Оның үстіне бәрімізді алаңдатып отырған дәл бүгінгі зауал шақта халқымыз медицина мамандарының көмегіне одан сайын зəру болып отыр. Қызметіне адал, елге жанашыр дəрігерлер осынау сын сағатта уақытпен санаспай, еңбегін бұлдамай жаһанды жайлаған індетпен күресте аянбай тер төкті. Оларға жүктелген міндеттің, артылған жауапкершіліктің салмағы өте ауыр. Соның үдесінен абыроймен шығып келе жатқан жандарды қалай құрметтесек те, қандай мадақ айтсақ та жарасады. Олар соған сөзсіз лайықты.

Осы орайда, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы»РҚБ Шымкент филиалы тарапынан адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жандарға Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі аясында арнайы құрмет көрсетіліп, елеулі еңбектері еленді. Салтанатты шарада қызметте алдыңғы қатардан көрінген үздік мамандар марапатталды. Ендеше денсаулық сақтау саласындағы адал еңбегі мен кәсіподақ қозғалысының нығаюына коскан үлесі үшін 3 қызметкерге төс белгі тағылды. Атап айтсақ, Кенжебаева Жұлдыз, Умирбекова Қаламқас, Мырзахметова Мадина. Одан бөлек, денсаулық саласында көп жылдар бойы қызмет етіп, төккен тері үшін Оразқұлова Кунсұлу, Қуанышбекова Назикуль, Кенжеғұлова Майра, Кертаева Эльмира, Намазбаева Гүлжамал құрмет грамоталары табысталды. Сондай-ақ, аталмыш шарада жемісті еңбегі үшін Астанаева Жайнар, Жакашева Жанна алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табысталды.

Осы салтанатты жиында марапатталушылар қатарында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеевтің де еңбегі еленіп «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің «Үздігі төс белгісі» кеудесіне тағылды.