27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театрында мерекелік кеш ұйымдастырылды. Жастар театры дайындаған бағдарлама көрерменге мерекелік көңіл күй сыйлады. Жас актерлердің шебер орындауындағы театрдың қарапайым қызметкерлері туралы әзіл-шыны аралас түрлі қойылымдар көрермен көре бермейтін, сахна сыртындағы тірліктің бір қырынан сыр шертті. Әдемі әзіл айтылып, марапаттар тапсырылды.
Мерекелік шараға “Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының төрағасы Гүлнар Шайхашева қатысып, салалық мәдениет қызметкерлері кәсіподағының “Еңбек даңқы” төсбелгісін театрдың касса және реквизит қызметкерлері Г.Қайреденова мен Т.Төлегеноваға тақты.
Айта кету керек, театр ең алғаш шымылдығын 1938 жылы М. Әуезовтің “Түнгі сарын” қойылымымен ашып, бүгінгі таңға дейін 400-ге жуық отандық және әлемдік туындыларды сахналап, көрерменнің ыстық ықыласы мен махаббатына ие болып жүр.