Көктемгі каникул кезінде Хромтау ауданы бойынша 70 кәсіподақ мүшесі денсаулықтарын нығайтуға мүмкіндік алды. Қазіргі таңда педагогтер Жамбыл облысындағы «Мерке», Түркістан облысындағы «Таң нұры» және Алға қаласындағы «Шипагер» шипажайларда демалуда. Ұстаздар дәрігерлердің тағайындауымен әртүрлі емдік процедураларды қабылдап, бос уақыттарын тиімді өткізуде.
Педагогтер арасында өткен шығармашылық байқаулар мен спорттық додаларда топ жарып, жеңіске жеткен ұстаздар Алматы облысындағы «Денсаулық» шипажайында демалып жатыр. Олар «Қазақтың текті келіні» байқауы, «Ұстаз барысы» палуандар турнирі, «Математика пәнінің үздік мұғалімі» сайысы және өзге де жарыстарға белсене қатысып, жүлдегер атанған кәсіподақ мүшелері.
Алатау бөктерінде орналасқан емдеу-сауықтыру орталығында демалушылар үшін барлық жағдай жасалынған. Педагогтер кешенді ем қабылдап, таудың саф ауасын жұтып, жанға жайлы демалыс орнында көктемгі каникулды өткізуде.
Көктемгі каникулды Қарғалы ауданының педагогтері Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында орналасқан «Айша-бибі», Жамбыл облысындағы «Мерке», Қостанай облысындағы «Сосновый бор» емдеу-сауықтыру орталықтарында да өткізуде.
Аталған шипажайлар заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған. Кәсіподақ мүшелері күнделікті түрлі дертке шипа болатын ем-дом қабылдап, табиғат аясында серуендейді. Сондай-ақ, көрікті жерлерді аралап, бос уақыттарын тиімді пайлануда.