Шымкент қаласы мәслихатының кезекті сессиясында Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы бекітіліп, жаңадан жасақталған кеңестің алғашқы отырысы өтті.
Қаладағы қоғамдық кеңес мүшелігіне 69 үміткер құжат тапсырды. Арнайы құрылған комиссия әрбір кандидатпен жеке әңгімелесіп, кеңес мүшелері қатаң іріктелді. Жаңартылған құрамға енген 29 адамға кезекті сессияда дауыс беріліп, таңдалған кандидаттар Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің мүшелері болып сайланды.
Аталған кеңес мүшелігінің құрамына бұрынғы құрамнан тек бес азамат өткен. Қалған жиырма төрт мүшесі қаламызға белгілі қоғам қайраткерлері, азаматтық қоғам белсендері, өкіметтік емес ұйым өкілдері.
Жаңадан жасақталған құрамға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев те мүше болды. Жаңа ереже бойынша әр тоқсанда қоғамдық кеңестің төрағалары ауысып отырады. Алғашқы төраға болып мемлекет және қоғам қайраткері, қоғамдық кеңес мүшесі Шалатай Мырзахметов сайланды.
Енді Шымкент қаласының әлеуметтік мәселелерін мемлекеттік органдардың өкілдері, заңгерлер мен білім саласының қызметкерлері, жазушы мен қаржыгерлер шешпек.
Жаңа құрамға енген азаматтардың барлығының да белсенді өмірлік ұстанымдары бар. Әрқайсысы қоғамда өз орнын тапқандар. Тұрғындардың құрметіне бөленгендер. Сондай-ақ бұл азаматтарға өңіріміздің проблемалары жақсы таныс.