Майраш Қабдолқызы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық университетін бітіріп, өзі оқыған Н.К.Крупская атындағы Ойыл қазақ орта мектебінде (қазіргі Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебі) табан аудармастан 43 жыл ұстаздық қызмет атқарды. Беделді, өз ісінің шебері, жоғары санатты ұстаздың шәкірттерінің жетеуі мектепті «Үздік аттестатпен» бітірсе, алтауы «Алтын белгімен» бітірді. Жас ұрпақты тәрбиелеудегі еңбегі ескеріліп, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталары, сондай-ақ бірнеше рет аудандық, облыстық білім бөлімінің марапаттарына ие болды. Облыстық «Жыл мұғалімі – 96», облыстың «Үздік мұғалімі» атанып, мұғалімдердің жоғары марапаты – «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталуы – Майраш Қабдолқызының көшбасшылық қабілеті, жемісті еңбегінің нәтижесі. ҚР Білім беру жүйесі үздік қызметкерлерінің «Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз» жинағына, сондай-ақ, 2017 жылы «Озаттар» энциклопедиясына есімі енді. 2007 жылы Астана қаласында өткен жаңашыл педагогтардың республикалық форумына қатысып, әріптестерімен тәжірибе бөлісіп, марапатқа ие болды.
Білім берудің озық ұстанымдарын мақсат еткен ұстаз өз тәжірибесін аудан, облыс көлемінде таратып, жас буын арасында өнегелі жол көрсетіп, олардың қабілеттерін шыңдады. Ұзақ жылдар бастауыш сыныптарға сабақ беріп, тәлімгерлік, оқу ісінің орынбасары қызметтерін де абыроймен атқарды.
Дана халқымыз «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, ұлағатты ұстазынан білім алып, ұстаздық кәсібін таңдап, бүгінгі таңда оқушыларға білім нәрін беріп, ұлы істің игі жолында аянбай қызмет жасап жүрген шәкірттері де баршылық. Шәкірт бойындағы табиғи дарын ұшқындарын сөндіріп алмай, шығармашылық еңбек үстінде оған қанат бітіру, білімге шексіз құштарлық дәнін себу – Майраш Қабдолқызының еңбегінің бір парағы. Осы орайда оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулып, Ойылдың ұлы тұлғаларын ұрпақ санасына сіңіре білді. Бірнеше шәкірті облыстық ғылыми жобалар байқауында жүлделі орындарға ие болды.
Барды бағалап, айналасындағы жандармен қарым-қатынасында да жоғары адамгершілік көрсете білген, бала тәрбиесіне жаны ашып, асқан жауапкершілікпен қарай білетін, адал да шынайы, өз ісіне жауапты ұстаз – біз үшін үлкен өнеге. Майраш Қабдолқызы бүгінде зейнеткер ұстаз, төккен тердің жемісін көріп отыр.Бақытын еңбектен таба білген ұстаз отбасылық өмірде де бақытты: адал жар, ардақты ана, асыл әже. Балаларының барлығы да жоғары білім алып, алған мамандықтары бойынша қызмет жасайды. Қыздары Айжан физика пәнінің маманы болса, Айдана физика және ағылшын тілінен сабақ беріп, ұстаз аналарының жолын абыроймен жалғастырып жатыр.
«Ұстаз болашағы – ұстаздан» деп бекер айтылмаған. Ұстаздың мақсаты – сауатты, салауатты қоғамның қалыптасуы үшін еңбек ету. Сауатты адам мәдениетті ғана емес, бақытты адам. Себебі оның үйренгені көп, өзгеге де үйретері біршама. Ол қоғамды басқарып, түгел жұртты аузына қарата алады. Майраш Қабдолқызы сабақ барысында оқушының назарын байсалдылығымен,көркем мінезімен баурап алады. Тек кітап бетіндегі материалды оқытып қоймай, өмірмен ұштастыра біледі. Алдында отырған әр шәкірттің рухани бай болуы үшін, ізгі қоғам мүшесі болуы үшін барын салды. Сабақтары ұлттық тәрбиеге, құндылыққа толы.