Еңбек ұжымдарымен кездесулер жалғасуда

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Түркістан облысының автомобиль көлігі және жол кәсіпорындарының жергілікті кәсіподағының төрағасы Али Мамедов «Оңтүстік жолдары» жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен кездесті.

Аталған мекемені Асылбек Умаралиев басқарады және мекемеде 163 еңбеккер жұмыс істейді. Барлығы 100% кәсіподақ мүшелігіне кіреді.

Кездесуде жергілікті кәсіподақ төрағасы қатысушыларға еліміздің барлық аймақтарында өткізіліп жатқан мұндай кездесулер еңбек ұжымдарындағы көтерілген мәселелерді ашық жеткізе отырып, оларды шешу үшін оңтайлы шаралар қабылдауға, еңбеккерлердің әлеуметтік-экономикалық, құқықтық мүдделерін қорғауда, еңбек қатынастарын реттеу және тағы басқа өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін алға тартты.

Сонымен қатар, мекемедегі жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында техникалық инспекторлардың құқықтары мен өкілеттіктері түсіндіріліп, аталған бағыттағы жұмыстар талқыланды.

Жиын соңында қызметтік міндеттерін абыройлы атқарғаны және қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, үздік нәтижелерге қол жеткізгендері үшін Ербол Бекмұхамбетов пен Марлен Алиевке салалық кәсіподақтың медалі және ақшалай сыйақы табысталды.