«Қазхром «ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Әбілқайыр Сотқаров №1 балқыту цех ұжымымен кездесті.
Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Әбілқайыр Сотқаров кездесу барысында бірінші тоқсанда атқарылған жұмыстарға, жалпы зауыт және кәсіподақ ұйымының бүгінгі тыныс-тіршілігіне қысқаша тоқталып өтті. Сонымен қатар, сәуір айы еңбекті қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігі айлығы басталғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, осы айлық аясында атқарылатын іс-шараға бір кісідей атсалысу керектігін атап өтті. Өндірісте қашанда қауіпсіздік басты назарда.
“Кәсіпорынның басты байлығы еңбеккерлер болғандықтан, олардың өндірісте алаңсыз еңбек етуіне жағдай жасау – басты парызымыз. Қазіргі таңда зауытта 4200 астам кәсіподақ ұйымының өкілдері жұмыс
істейді. Әлеуметтік жағдайды жақсарту мақсатында осы ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап зауыттықтардың айлығы 35 пайызға көтерілді. Жұмыскерлердің мүддесі үшін ұжымдық шарт жұмыс істейді. Қазіргі таңда ұжымдық шартқа толықтырулар мен өзгерістер енгізілуде. Сіздердің ұсыныс, пікірлеріңіз ескеріледі”, – деді кездесу барысында бастауыш кәсіподақ төрағасы Әбілқайыр Сотқаров.
Басқосу соңында №1 балқыту цех ұжымы өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, оған нақты жауап алды.
Осындай жүздесулер алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.