Еңбегімен елге сыйлы

Жалғанда ұстаз көрмеген, я мұғалімнің алдында оқушы болмаған тұлға кемде-кем шығар. Ал осынау мамандықтың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген абзал жандарға деген алғыс-ризашылығымыз қашанда шексіз. Ұстаз – келер күннің ұстасы. Біздердің бүгінгі болмысымыз әліппені жаттатқызып, қолға қалам ұстатқан кешегі ұстаздарымыздың еңбегі. Ұлағатты ой иелері де, арман оты жүрегінде алаулаған жеткіншектер де, парасатты қоғам қайраткерлері де бір адамға қарыздар. Ол – Ұстаз! Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек.

Бүгін біз мақаламызда саналы ғұмырын ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған ұлағатты тұлға Таукеева Манат Пазилбекқызы туралы өрбітеміз.

Манат Пазилбекқызы 1960 жылы 5 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Алғабас ауданында дүниеге келген. 1983 жылы М.Әуезов атындағы Шымкент пединститутының филология факультетіне түсіп, 1988 жылы осы институтының орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген.

Өз еңбек жолын 1989-1995 жылдар аралығында Н.К.Крупская атындағы №2 жалпы орта мектебінің тәрбіе – ісі жөніндегі орынбасары болып бастаған. 2000-2013 жылдар аралығында Ә.Бөкейханов атындағы №23 жалпы орта мектебінің оқу – ісі жөніндегі орынбасары міндетін атқарды. 2013 жылдан 2022 жыл наурыз айына дейін Ә.Бөкейханов атындағы №23 жалпы орта мектебінің директоры міндетін атқарып келді. Бұгінде құрметті зейнеткер. Сондай-ақ еңбек еткен жылдары кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесі ретінде кәсіподақ қозғалысын дамытуға сүбелі үлес қосып келген.

Манат Пазилбекқызы – жоғары санатты оқытушы, білікті ұстаз. Өз ісіне шын берілген маман ретінде танулы, ізденімпаз, бала жанын түсінетін психолог, еңбекқор, кез-келген ортаның ұйытқысы бола алатын, рухани бай, отаншыл, мәдениетті, заманмен бірге қадам жасайтын тәжірибелі маман. Ол өз өмірінің басты мақсатын — жас ұрпаққа сапалы білім және тәрбие беру деп санады. Мектеп басшысы болған кезден бастап білім ұясының алға қарай дамуы ондағы басшылықтың білім-біліктілігіне тікелей байланысты екенін ешқашан санасынан шығармаған. Сондықтан да мектептегі балаларды білім нәрімен сусындауда ондағы оқыту жүйесін қазіргі заманға сай технологиялармен үндестіруге көп мән берген. Алға қойған мақсаттарына қол жеткізу жолындағы табандылық пен ерінбей еңбек етуінің арқасында көптеген жетістіктерге жетті.

Өскелең ұрпақтың білімді болмағы, мектептегі ұстаздардың біліктілігіне тікелей байланысты екенін ұмытпауымыз керек. Осынау қастерлі де қасиетті атқа лайық мамандар көп болса, Қазақ елінің болашағы жарқын.