Әр адам мамандық таңдау арқылы болашаққа үлкен жолдама алады. Таңдаған мамандығын келешекте бағын мен абыройына айналуы өзіне байланысты. Мамандықтың бірі де бірегейі ұстаздық жолды таңдап, оқушы жүрегінен орын алып жүрген белсенді жас маманның бірі – Алға ауданы, Бестамақ орта мектебінің география пәні мұғалімі Абай Лұқпанов.
Жас ұстаз Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-нің география, дене шынықтыру және спорт мамандығын тәмамдаған. Ең алғашқы ұстаздық еңбек жолын өзі білім алған Бестамақ орта мектебінде бастады. Жақсы ұстазға екі ғана нәрсе керек: оның бірі – терең білім, екіншісі – үлкен жүрек дейтін болсақ, балаға деген шексіз махаббаттың иесі бола білген жас ұстаз бүгінде өз еңбегінің нәтижесін көрсетіп отыр.
Абай Қайратұлы қазіргі таңда білім ордасында педагог-ұйымдастырушы қызметін атқаруда. Республикалық «Үздік жаңашыл маман» байқауына қатысып, «Үздік жас маман» төсбелгі иегері және аудандық «Мерген-Ұстаз» байқауының жеңімпазы атанды. Түрлі семинарларда өз іс-тәжірибесімен бөлісіп, пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Өз жұмысына жауапты, белсенді жас маман оқушылар және ұстаздар арасынан бірнеше командалар құрып, жүйелі жүмыстар жүргізіп келеді.