Шымкент қаласының әкімі тұрғындармен кездесті

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Еңбекші ауданының тұрғындарымен кездесіп, халық алдында есеп берді. Кездесуде зиялы қауым, жастар, жергілікті тұрғындар қоғамдағы түрлі мәселені көтеріп, ұсыныстарын жеткізді. Кезекті кездесуге қалалық қоғамдық кеңестің мүшелері мен «Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев қатысты.

Базарқақпа тұрғын алабындағы «Салтанат» тойханасы ғимаратында өткен басқосуда шаһар басшысы тиісті ауданның 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инженерлік-инфрақұрылыммен қамтылуы туралы баяндап, осы жылғы жоспарларды мәлімдеді.

Ашық форматта өткен кездесуде әкім қарапайым халықтың көкейкесті мәселесін тыңдап, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың әрбіріне тұшымды жауаптар берді.

Сонымен қатар, Еңбекші аудандағы 35 елді мекенде 300 мыңнан астам халық қоныстанған. Елді мекендердің ауыз сумен қамтылуы 94,4%, сапалы электр 96,5%, табиғи газ 90,7% және кәріз жүйесімен 57 пайыз қамтылған. Елді мекендерді инфрақұрылыммен толық қамтуылуы туралы аудан әкімі Досбол Есілбек баяндап өтті.

Шымкент қаласында 2021 жылы ауызсумен қамту үшін 3 магистралды суаққы мен 10 елді мекенде құрылыс аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Оның нәтижесінде сапалы сумен қамту көрсеткіші 95,6%-дан 98 пайызға жетті.

Қала әкімі бүгін Еңбекші ауданы тұрғындарымен кездесуде осы бағыттағы жұмыстарға тоқталып өтті. Қазір қаладағы 81 елді мекеннің 78-і ауызсумен толық қамтылған. Жиын соңында Мұрат Әйтенов әрбір тұрғынның талап-тілектері ескерілетінін, күрделілігіне байланысты орта және ұзақ мерзімде қаралатынын жеткізді..

Шаһар басшысы жаңа үлгідегі мұндай кездесулер алдағы уақытта жалғасатындығын жеткізді. Ол өз сөзінде, «Бұрын әкім халықпен жылына бір рет қана кездесетін. Биылдан бастап тоқсан сайын есеп беріп отырамын. «Бұған дейін неге істемедіңдер, енді неге халықпен кездескеш болып қалдыңдар» деп көбі айтуы мүмкін. «Екі жыл бойы ковид болды. Тіпті туысқандарымызбен араласа алмай қалдық. Енді соның орнын толықтырамыз» – деді Мұрат Әйтенов.


Кездесу соңында ел ағалары елдің бірлігінен асқан құндылық жоқ екенін айтып, Президенттің бастамаларын қолдайтындарын жеткізді. Келелі ойларын ортаға салып, ақ батасын берді.