Құрметті демалысқа шығарып салды

Қостанай облысы «Боровское орман шаруашылығы мекемесі» бастауыш кәсіподақ ұйымында еңбек ардагері Василий Емельянович Ганиманды құрметті демалысқа шығарып салды. Ол осы орманшылықтағы еңбек жолын сонау 1977 жылы тракторшы қызметінен бастады. Василий Емельянович өз жұмысында «Әр адам табиғатты жақсы көруі керек және ол үшін жауапкершілікті сезінуі керек» деген ережені ұстанып келеді.

Василий Емельянович жұмыс істеген жылдары Қостанай облысының орман шаруашылығының дамуына үлкен үлес қосты. Орманшылықта орман екпелерін отырғызумен, оларды күтіп-баптаумен және сақтаумен айналысты. Өз кәсіпорнының ғана емес, бүкіл облыстың орман байлығын арттыруға қосқан үлесі үшін бірнеше рет басшылық пен кәсіподақ ұйымының наградаларымен марапатталды.

Василий Ганиман ұжымда өзін тек жақсы жақтарымен көрсетті. Әріптестер арасында беделді. Кәсіподақ ұйымының тұрақты және белсенді мүшесі болып табылады.

2022 жылғы 7 сәуірде Боровское орман шаруашылығы мекемесінің басшылығы мен ұжымы Василий Емельяновичті құрметті демалысқа шығуымен салтанатты түрде құттықтады. Қостанай облысы орман саласы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Максим Макрушин Василий Емельяновичке туған Қазақстанның игілігі үшін көп жылғы және адал еңбегі үшін алғыс хат табыстады.