Бүгін «Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібінде 4 мәселе қаралды.
Ең алдымен, салалық кәсіподақтардың қалалық құрылымдары өкілдерінің ҚРКФ “Заң клиникасы” жұмысына қатысуы туралы айтылды. Бұл жөнінде ҚР Кәсіподақтар федерациясы Заң клиникасының жетекшісі Назгүл Әзтаева және Құқықтық қамтамасыз ету департаментінің бас сарапшысы Әсел Молдағалиева толығырақ мағлұмат берді.
«Заң клиникасы Кәсіподақтар федерациясының базасында құрылып отыр. Кәсіподақ мүшелеріне еңбек және кәсіподақ заңнамасы бойынша құқықтық консультациялық қызметтер көрсету жұмыс күндері онлайн және оффлайн режимде жүзеге асырылады. Тегін кеңес беру қызметтеріне өтініштер ауызша және жазбаша түрде қабылданады», – деп атап өтті Заң клиникасының жетекшісі Назгүл Әзтаева.
ҚРКФ Құқықтық қамтамасыз ету департаментінің бас сарапшысы Әсел Молдағалиеваның айтуынша, кеңес алуға кәсіподақ мүшесі емес азаматтар да келеді. Көп жағдайда олардың әлеуметтік сипаттағы мәселелері еңбек қатынастарымен байланысты болып жатады. «Күрделі істер туындаса, сот істеріне де қатысамыз. Азаматтардың бізге дейін адвокаттар мен заңгерлерге жүгініп, шешімін таппаған істеріне қолдау көрсетіп, ақылы түрде қызмет көрсетеміз», – дейді сарапшы.
Келесі мәселеде Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аясында іс-шараларды дайындау және өткізу туралы пысықталды.
Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Т.Күнәділов өз сөзінде, 2022 жылы Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні “Ортақ күш-жігермен еңбекті қорғаудың оң мәдениетін қалыптастыру” ұранымен өтетінін жеткізді. «Ұранның басты тақырыбы – еңбекті қорғаудың оң мәдениетін қалыптастыру үшін әлеуметтік әріптестердің және барлық мүдделі тараптардың белсенді қатысуы маңызды. Кәсіподақтар бұл бастаманы қолдайды. Мен өз тарапымнан кәсіподақ ұйымдарын Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнін өткізуге атсалысуға шақырамын», – деді кәсіподақ орталығының төрағасы.
Үйлестіру кеңесінде Құрылыс кешені және тұрғын-үй коммуналдық қызметкерлері салалық кәсіподағының «Астана» қалалық филиалының атқарған жұмыстары туралы ақпарат баяндалды.
Филиал төрайымы Тілеулес Мадьярова: «Ағымдағы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ұжымдық шарттармен қамту 94%-ды құрайды. Мүшелік ұйымдар Ұжымдық шарт арқылы әлеуметтік жеңілдіктердің, кепілдіктер мен өтемақылардың ұлғаюына қол жеткізеді. 2021 жылы “Астана-Зеленстрой” ЖШС еңбекақысын 8%-ға, “Астана су арнасы” МКК 25%-ға,”Астана-Тазалық” ЖШС жалақыны 30%-ға және 2022 жылдың қаңтарынан бастап 10%-ға арттыруға қол жеткізілді»,-деп атап өтті.
Т.Мадьярованың баяндауынша, “Абу Даби Плаза” құрылысын салып жатқан “Arabtec CCL” ФК кәсіподақ комитетінің әлеуметтік кепілдіктер мен жалақыны индекстеуге қатысты ұжымдық шарт талаптарының орындалмауы туралы компания басшылығына ақпан айында үндеу жолданды. Бірақ, компания басшылығы кәсіподақ комитетінің төрағасы лауазымын қысқарту туралы шешім қабылдап, 1 сәуірден бастап қысқарту туралы хабарламаны табыс етті. Салалық кәсіподақ компания басшылығына кәсіподақ комитетінің төрағасын қорғауда өзінің дәлелді пікірін ұсынды. Бүгінгі күні кәсіподақ комитеті төрағасының құқығы қорғалып, жұмысын жалғастыруда. Сондай-ақ, кәсіподақ мүшелеріне бонустар төлеуге қол жеткізілген.
Осыдан соң, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық Компаниясы» «ҚАЗКӨЛІККӘСІП» кәсіподағы филиалының төрағасы Серік Сәрсекеев атқарған жұмыстары туралы ақпарат ұсынды.
«Салалық кәсіподақ пен компания басшыларының арасында меморандумға қол қойылып, әрбір оңтайландыру, жұмыскерлерді қысқарту мәселелері, ең алдымен кәсіподаққа хабарлама беруден болсын деп келістік. Мәселен, қысқартылуға ұшырайтын, зейнеткерлік жасқа 3-5 жыл қалған адамдарға басқа құрылымдардан жұмыс тауып беруге тырысамыз. Қызметкер өз еркімен кетемін деушілерге еңбек кодексі бойынша екі айлық мөлшерде өтемақы беру қарастырылды. Жұмысымды жалғастыра беремін деген адамдармен сөйлесіп, оларға бос орындарға қайта даярлау, оқытуға компания есебінен басқа құрылымдарға жұмысқа орналастыру мәселелерін шештік. Осы іс-шаралардың нәтижесінде жұмыс беруші мен кәсіподақ бірлесіп, әлеуметтік теңсіздікке жол бермеуге атсалысып жатырмыз», – деді филиал төрағасы Серік Сәрсекеев.
Салалық кәсіподақтың арқасында өткен жылы компания басшылығы теміржолшылардың жалақысын 22 пайызға, ал биыл разрядына қарай 30-40 мың теңгеге дейін көтеріпті.
Үйлестіру кеңесінің отырысында басқа да салалық кәсіподақ филиалдарының атқарып жатқан жұмысы туралы баяндалады. Кеңес мүшелері мен кәсіподақ белсенділері өзара тәжірибе бөлісіп, пікір алысты.