Атырауда еңбек қатынастарын реттеу мәселелері қаралды

Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Атырау облыстық үшжақты комиссия отырыстарында жиі көтеріліп жүрген мәселелердің бірі – еңбек ұжымдарында жұмысшы-қызметкерлердің жалақысының төмендігі, олардың еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы, еңбек қауіпсіздігін сақтаудағы кемшіліктер мен оны болдырмаудың алдын алу. Қазір өңірдегі 500-ден астам кәсіпорын, компанияларда жұмыскерлердің еңбекақыларын көтеру нәтижесінде әлеуметтік ахуалды бірқалыпты деңгейде ұстауға мүмкіндік туып отыр. Десек те, кейбір ірі компаниялардың қосалқы мердігер мекемелерінде жұмысшылар наразылығы туындап тұратындығын да жасыра алмаймыз. Мәселен, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында Атырау мұнай өңдеу зауытының мердігер кәсіпорындарында еңбек дауының 6 жағдайы тіркелді.


​«Сервисный центр «Казтурборемонт» ЖШС 100 жұмысшысы ақпан айында еңбекақыларын 50 процентке көтеруді, демалыс күндеріндегі жұмыс үшін қосымша ақы төлеуді, жеке қорғаныс құралдарымен қамтуды талап етіп, наразылыққа шықты. Сол сияқты, АМӨЗ-дің тағы бір мердігері – өртке қарсы қызмет көрсететін «Семсер өрт сөндіруші» ЖШС демалушы ауысымдағы 50 қызметкері наурыздың 14-інде әкімшілікке еңбекақыны өсіру, кезекті еңбек демалысына, сырқаттануына байланысты күндерге тиісті еңбекақы алмауына және жалақының кешіктіріліп берілетіндігіне өз наразылықтарын білдірді. Зауыттың мердігері болып табылатын 18 кәсіпорында еңбек ететін 2000 астам жұмысшының айлықтары бұрынғыдан өспеген.

​Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ізтұрған Баймұханов «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры Арман Қайырденовпен кездесіп, оның мердігер компанияларындағы орын алған еңбек даулары бойынша келіссөздер жүргізді. Бас директордың айтуынша, биыл зауыттың 1630 жұмысшы-қызметкерінің айлық еңбекақылары 20 процентке өскен. Зауыттықтар тарапынан бұған наразылық жоқ. Бірақ, мердігер мекемелер жұмысшылары арасында даулы жайттардың барын жасырмады. Арман Қайырденов дауды шешу тек «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының құзырында болғандықтан акционерге ұсыныс жолданып, оң жауабын алғаннан кейін тиімді шешім қабылданатындығын мәлімдеді.

Облыс кәсіподақтарының жетекшісі зауыт басшылығымен әңгіме барысында жұмысшы-қызметкерлердің әлеуметтік мәселелерін шешу, бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысына қолдау білдіру, Ұжымдық шартта көрсетілген талаптардың орындалуына ықпал етудің маңыздылығын айтып, ұсыныстарымен бөлісті.