Ауыл тұрғындарын толғандыратын мәселелер қозғалды

Атырау облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ізтұрған Баймұханов пен “Аманат” партиясының облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі Ақтолқын Ахметжанова Есбол ауылында іс-сапармен болып, округ орталығындағы 320 орындық жаңа орта мектеп құрылысы алаңында шаруаның жайымен танысты.


Жалпы сметалық құны 1 млрд. 146 млн теңге болатын бұл нысан құрылысын «Оңдасын Строй» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде. Нысан басшысы Арман Қайыржановтың айтуынша, жалпы ауданы 6353 шаршы метрлік мектеп ғимаратының құрылысы түрлі себептермен бір жылға кеш басталған. Мұнда қазір 24 адам еңбек етуде. Қажетті материалдар мен техника да жеткілікті. Екі қабатты заманауи үлгідегі мектеп құрылысын салуға ауылдықтардың ниеті болмағандықтан, Өзбекстан азаматтарын жұмысқа тартуға тура келгенін де маман жасырмады. Құрыш қолдылар аталған нысанды келер жылдың мамырына дейін толық аяқтап беруге уәде беріп отыр.

«Біз өз тарапымыздан құрылыс жұмыстары барысына, сапасына, бюджеттен бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына және оның толық игерілуіне партиялық бақылауды күшейтетін боламыз», – дейді Ізтұрған Баймұханов.

Мұнан соң қонақтар ауылдың Мәдениет үйінде жұртшылық өкілдерімен кездесті. Онда мәслихат депутаты партияның Индер ауданының 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруда атқарылған жұмыстары мен алда тындырылатын тірлік туралы баяндап берді. Аталған бағдарлама бойынша ауданның 6 ауылында агроаймақ құру жоспарланған. Ауыл шаруашылығы бөлімі арқылы 4 жылда бір-бірден нысан салынуы керек.

«Қазір 4 ауылдық округ жанынан /Есбол да бар/ 85 га жер телімі белгіленіп, Көктоғайда 20 га құрайтын агроаймақ құру жұмыстары қолға алынған, қазір инфрақұрылым жүйелерін тартудың құжаттамалары дайындалып жатыр. Сіздерде бұл шаруаның орындалмау қаупі бар деген мәлімет алып отырмын. Мен мәслихат сессиясында, партияның саяси бюро мәжілісінде де осы мәселені көтеріп, тиісті басқармалар арқылы қозғау салатын боламын», – деген Ізтұрған Ұзақбайұлы одан әрі қоршаған ортаны қорғау, экология және Жайық өзенінің проблемалық мәселелерін шешуде депутаттар корпусымен қолға алынып жатқан шараларды тілге тиек етті.

Кездесуде зейнеткер Бақытжан Иманғалиев ауыл тұрғындарын толғандыратын мәселелерді қозғады. Мәлім болғанындай, осы округтегі егін шаруашылығымен айналысатын «Слава» шаруа қожалығы 2015 жылдан бері Бағырлай каналының күн шығыс бетіне бау-бақша өсіреді. Ауыл тұрғындары ауласындағы азын-шоғын малын жаятын жайылымдық өрісі тарылған. Шаруагер егістіктің орнын тегістемейді, қайтадан өңдемейді. Соның нәтижесінде бұрынғы жайылымдық алқап қазір қылтан өспейтіндей, әбден тозығы жетіп шаңдаққа айналған.

Депутат ардагердің көтерген мәселесін тиісті құзырлы мемлекеттік органдар басшыларымен ақылдаса отырып, заң шеңберінде шешуге жұмыс атқаратындығын жеткізді.

Индер ауданының Есбол ауылдық Мәдениет үйінде «Amanat» партиясы Атырау облыстық филиалының мобильді қоғамдық қабылдауы өтті.

Оған аталған саяси ұйым атынан партиялық тізім бойынша жергілікті мәслихаттардың жетінші шақырылымының депутаттық мандатына ие болған – облыстық мәслихаттың депутаты, Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ізтұрған Баймұханов, Индер аудандық мәслихатының депутаттары Мәлік Биғамбаев пен Ақжібек Сабырғалиева және партияның облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі Ақтолқын Ахметжанова қатысты.

Қабылдауға келген ауыл тұрғындарының денін әлеуметтік мәселелер толғандырады. Мәселен, Ізтұрған Баймұхановтың жеке қабылдауында болған жалғызбасты ана Ләззат Салихова баспанаға мұқтаждықпен қиналса, Гауһар Бақтілекова біраздан бері кезекте тұрғанымен жер теліміне қол жеткізе алмай жүр екен. Ал, «Рамазан» шаруа қожалығының жетекшісі Еркін Жалғасбаев ток көзін жүргізгені үшін субсидия алу мүмкіндігін білгісі келеді. Орынгүл Мақатов болашақта кәсіпкерлікпен айнасуға ниеті бар екендігін, сол үшін қайтарымсыз несие алудың тиімді жолын іздеп жүргендігін айтады.

Облыстық мәслихат депутаты қабылдауына келген есболдықтарға өздерін толғандырған мәселерлердің тек қолданыстағы заңдар мен нормативтік-құқықтық актілер негізінде ғана шешілетіндігін айтып, бағыт-бағдарын берді, жолдарын түсіндірді. Ол ауылдық округ әкімі Абзал Рамазановқа кейбір тұрғындардың баспана, жер теліміне қатысты мәселелерін жергілікті жерде мемлекеттік органдардың араласуымен шешуге болатындығын айтып, оның жолдарын қарастыруды тапсырды.