Жаңаөзен мұнайшылары келіспеушілікті еңсеру жолын үйренді

ҚР Кәсіподақтар федерациясы Жаңаөзен мұнайшыларына семинар тренинг ұйымдастырды. Екі күн ішінде мұнай-газ саласының қызметкерлері келіспеушілікті еңсеру және тиімді келіссөздер жүргізу техникаларын үйренді.  

Семинарға «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Кезби» ЖШ, «Өзенмұнайсервис» ЖШС, «ТрубРемЦентр» ЖШС, «Өзенөндірісгеофизика» ЖШС, «Мұнайфилдсервис» ЖШС, Жаңаөзен аудандық газ шаруашылығы, «БатысГеофизСервис» ЖШ және басқа да мекеме мен кәсіпорындар басшылары мен сондағы кәсіподақ өкілдері қатысты.

Айта кетерлігі, семинарға әлеуметтік әріптестер де қатысты. Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Ғалым Байжанов ҚР ФК басшылығына оқу тренингісін ұйымдастырғаны үшін алғыс айтты.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының еңбек қатынастары бойынша сарапшысы Ләззат Есжанова жұмыс беруші мен кәсіподақтың еңбек ұжымында тұрақты көңіл-күй ахуалын қалыптастыру мәселесіндегі өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын түсіндірді. Оның ішінде келісім комиссиясы шешімдерінің хаттамасын екі жақтың мүлтіксіз орындауы, еңбек және кәсіподақ заңнамаларының тәжірибе жүзінде қолданылуы да бар.

Конфликтологиядағы қарым-қатынастың басты тұстарын бизнес тренер, менеджмент саласы, психология мен  тиімді ұйымдастыру сарапшысы Ерлан Мұстафин түсіндіріп берді.

Семинарға қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, әлеуметтік және еңбек қатынастарының өзекті мәселелерін талқылады, айта кетерлігі ұжымдық шартты әзірлеу және оған қол қою, жұмыс беруші тарапынан қызметкерлердің еңбек құқығының сақталмауына қатысты оқиғалар да көтерілді. Сонымен қатар, бір кәсіпорындағы бірнеше кәсіподақтың қызмет етуіне қатысты жағдай да қарастырылды.

Семинар тренинг барысында сарапшылар дауды шешу үшін, келісім жасау үдерісі барысында еңбек заңнамасын тәжірибе жүзінде қолдануды оқытты. Еңбек ұжымдарындағы даулар мен келіспеушіліктің пайда болуы себептері,  оның алдын алу және шешу жолдарын пысықтады.

Семинарға қатысушылардың айтуынша, екі күнде сарапшылармен кездесу барысында алынған білім әлеуметтік және еңбек саласындағы қайшылықтарға жол бермеуге және жұмыскерлер мен жұмыс берушілер арасындағы үйлесімді диалог құруға көмектеседі.

Еске сала кетсек, ҚР  Кәсіподақ федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің  14-15 наурызда Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында өткізілген кездесулерде облыс әкімі және облыстың жұмыс берушілер өкілдерінің ұсыныстары бойынша семинар тренинг өткізу туралы шешім қабылданған болатын.

Ал, 6 сәуірде ҚР  Кәсіподақ федерациясының сарапшылары Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында жұмыс берушілері мен жұмыскерлер өкілдеріне ұжымдық еңбек дауларын тиімді ескерту және шешу мәселелеріне қатысты жаңа жоба аясында  семинар тренинг өткізді.

Еске сала кетсек, 2021 жылы Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақтың оқыту саласындағы деңгейді көтеруге бағытталған бірқатар шараларды қабылдады. Кәсіподақ оқыту бағыттарының ауқымын кеңейту үшін қәсіподақ қызметкерлері мен белсенділерінің түрлі санатына арналған оқу бағдарламасының тереңдетілген курстары әзірленді. Кәсіподақтар федерациясының және оған мүше ұйымдардың тәжірибелі қызметкерлерінен жасақталған дәріскерлер пулы қалыптастырылды.

Былтыр 619 оқу семинары өткізілді, оған 38 044 кәсіподақ мүшесі қатысты. Кәсіподақтың білім марафоны барасында 89 оқу семинары ұйымдастырылып, еліміздегі 17 өңірде 18 салалық кәсіподақ ұйымы қамтылды, оған 10 250 кәсіподақ қозғалысының өкілі қатысты.

Сонымен қатар,  сәуір айында ҚР Кәсіподақтар федерациясы тағы да бір жаңа білім жобасы Кәсіподақ көшбасшысының мектебін іске қосады.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы