Павлодар облысына жұмыс сапары аясында “Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы” ҚБ төрағасы Егор Каппель Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Д.Айтжановамен кездесті.
Е.Каппель ауыл шаруашылығында жұмыс және басқару саласында үлкен тәжірибеге ие, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің IV және V шақырылымының депутаты, 2018 жылғы қыркүйектен бастап әлеуметтік әріптестікте ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының мүддесін білдіреді.
Кездесуге қатысушылар ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіподақ қозғалысын дамытудың өзекті мәселелерін: 2021-2023 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешендегі салалық келісімді орындау, әлеуметтік әріптестікті дамыту, еңбек дауларының алдын алу, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қоғамдық бақылау, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғау, ауыл қызметкерлеріне қосымша жеңілдіктер мен кепілдіктер беру бөлігінде ұжымдық шарттарды орындау мәселелерін талқылады.
«Павлодар облысы бойынша ауыл шаруашылығы жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ филиалының төрағасы П.Сурма 2022 жылғы 4 сәуірде ШЖҚ «Облыстық ветеринариялық станция» МКК құрамында 500-ден астам жұмыскері бар жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымының ашылуы туралы, Павлодар облысының ауыл шаруашылығы саласында кәсіподақ қозғалысының дамуы туралы айтып берді.
Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің татуластыру орталығының басшысы М.Иванова кездесуге қатысушыларды өңірдегі кәсіподақ мүшелеріне, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласына қатысты жүргізіліп жатқан құқық қорғау жұмысымен таныстырды.
«Павлодар облысында жұмыс істейтін, кәсіподақ мүшесі болып табылатын әрбір үшінші тұрғын өңірдің аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің басшылығымен кәсіподақ қозғалысының дамуына, барлық салалық құрылымдық кәсіподақ бірлестіктерінің біріккен бірыңғай және ортақ жұмысына, әлеуметтік әріптестіктің жоғары деңгейіне ықпал етеді», – деп атап өтті Е.Каппель.