Ынтымағы жарасқан ұжым озады

Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясында “Халқы мықтының салты мықты” атты Наурыз мерекесі өтті. Ұжымдағы 280-нен астам бастауыш кәсіподақ ұйым мүшелері бір кісідей жұмылып, ауызбірлікпен атсалысты. 7 ауыл болып “Қыз ұзату”, “Құда түсу”, Бесікке салу”, т.б. ұлттық салт-дәстүрлеріміздің озық үлгілерін насихаттап, қойылымдар көрсетті. Сонымен қатар, спорттық ойындарда күш сынасты.


Жаңару мен ізгіліктің мерекесінде бастауыш ұйым мүшелері өзара ынтымағы жарасқан, тату ұжым екенін тағы бір көрсете білді. Наурыз мерекесі сән-салтанатымен жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Мерекелік шарадағы сайыстарды арнайы шақырылған қазылар алқасы бағалады. Үздік шыққан жеңімпаздар мекеме әкімшілігі дайындаған бағалы сыйлықтармен марапатталды.

“Бірлік” деп аталған облыстық филармонияның әкімшілік командасына ҚР Мәдениет және спорт қызметкерлерінің кәсіподағы Ақтөбе облыстық филилалы атынан шипажайға 2 жолдамамен марапатталды.

«Кәсіподақтар – еңбек қатынастарын реттеуде және қызметкерлер мен жұмыс беруші арасында сыңдарлы диалог орнатуда маңызды роль атқарып, қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерінің орындалуын қадағалайтын қоғамдық бірлестік. Біз осындай іргелі ұжымда өткен мерекелік шараларға мейлінше қолдау танытамыз. Мұндай шаралар кәсіподақ мүшелерінің өзара ынтымағын одан әрі жақсарта түсері сөзсіз», – деп атап өтті Салалық кәсіподақ жетекшісі Н.Табельдинова.