Қуатты кәсіподақ мықты бастауыш ұйымнан құралады

Кәсіподақтардың еңбек адамдарының әлеуметтік мәселелерін шешуде рөлі қашанда жоғары. Қызметкерлердің құқықтарын қорғау бастауыш ұйымнан басталатынын назарға ала отырып, «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрайымы Күлдар Есебаева «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Түркістан облысы, Төлеби аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік мекемесінде кездесу өткізді.

Аталмыш ұжымда бүгінде 77 еңбеккерлер жұмыс атқарады. Олардың барлығы кәсіподақ мүшелері. Кәсіподақ төрайымы – Гүлден Ерботаева.

Кездесу барысында кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары кәсіподақ жұмысындағы негізгі мәселе еңбек адамының құқын қорғау екенін, жұмыс орнындағы еңбек заңдылықтары мен қауіпсіздіктің сақталуын, өзекті мәселелердің оң бағытта шешілуін қамтамасыз етумен қатар, басқа да еңбекке қатысты түйткілді жағдайларды басты назарда ұстайтынын жеткізе отырып, мұндай кездесулер еңбек ұжымдарында өзекті мәселелерді анықтау және шешуде тиімді екенін атап өтті. Осы орайда кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсету мақсатында Кәсіподақтар орталығында «Заң клиникасы» мен «Татуласу орталығы» құрылып, кәсіподақ мүшелеріне тегін қызмет көрсетіліп жатқандығын жеткізді.

Сонымен қатар, сәуір айында еңбекті қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігі айлығы басталғанын тілге тиек етті.