Батыс Қазақстан облысы Жалпақтал ауылындағы спорт кешенінде Дүниежүзілік денсаулық күніне орай Жалпақтал аудандық ауруханасының ұйымдастыруымен ұжым қызметкерлері арасында спорттық сайыстардан жарыс өтті.
Ұжымнан 4 команда жасақталып, командаларға ат қойылып, қатысушылар ұрандарымен жарыс көркін қыздырды. Қызметкерлер спорттың “Арқан тартыс”, “100 метрге жүгіру”, “Дартс” және “Қол күресі” сайыстарынан өзара бәскелесті.
Жарыс қорытындысы бойынша стационар қызметкерлерінен құралған “Қыран” командасы жүлделі 3-ші орынға ие болды. Емхана қызметкерлерінен құралған “Жалын” командасы 2-ші орынды иеленді. Ал лаборатория мен рентген кабинетінен құралған “Лаб-Рен” командасы 1-ші орын алып, спорт сайыстарының жеңімпаздары атанды.
Сайыс соңында мекеменің Кәсіподақ ұйымының төрағасы Серікбол Сағындықұлы жарысқа қатысушыларға алғыс білдіріп, жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сертификаттар табыс етті.
Жалпақтал аудандық ауруханасында мерекелер мен атаулы күндерге орай спорттық, мерекелік іс-шаралар кәсіподақ ұйымының қолдауымен тұрақты түрде өтіп отырады.