Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Раушан Серікова өңірдегі бірқатар кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінде болып, әлеуметтік әріптестермен кездесті.
Атап айтсақ, салалық кәсіподақ өкілдері А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжі, Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжі, Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар және басқару колледжі, Ақтөбе индустриалды-кəсіптік колледжіне барды.
Басты мақсат – кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарымен арадағы әлеуметтік әріптестікті одан әрі арттыру, ҚР Кәсіподақтар федерациясымен жарияланған «Әлеуметтік әріптестік жылы» аясында қолға алынатын жоба-жоспарларды талқылау.
Кездесуде Ақтөбе облыстық білім басқармасы және білім кәсіподағы арасында 2021-2023 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Келісімнің орындалуы, маңызды құжатта көрсетілгендей, педагогтерге әлеуметтік кепілдіктердің берілуі сынды мәселелер сөз болды. Әлеуметтік әріптестік аясында бірлесіп атқарылатын жұмыстар баяндалды.
Сондай-ақ, кәсіподақ қызметкерлері аталған оқу орындарындағы еңбек заңдылықтарының орындалуына назар аударды. Заңгерлер тарапынан қоғамдық бақылау жүргізіліп, ұжымдық шарт, оның тармақтарының орындалуы, еңбек шарттары мен қосымша шарттардың дұрыстығына көз жеткізілді.
Басқосу соңында Раушан Серікқызы еңбек қатынастарын оңтайлы шешіп, кәсіподақ мүшелерінің құқығы мен мүддесінің қорғалуына ықпал жасап отырған әлеуметтік әріптестерге алғысын айтып, кәсіподақ марапатын табыс етті.