Ақтөбе облысындағы ең ірі алпауыт өндіріс орындарының бірі де бірегейі болып табылатын «Қазхром «ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытында «Қазхром» компаниясы және бастауыш кәсіподақ ұйымының біріккен бастамасымен тур маршрут жобасы жұмыс істейді. Осы маршрут аясында қаламыздағы Ақтөбе политтехникалық колледж студенттері электростанция, №2 балқыту, электр цехтары жалпы қара металлургиясының алғашқы қарлығашы болып саналатын зауыттың бүгінгі тыныс- тіршілігімен, өндіріс процесімен танысты.
Ақтөбе ферроқорытпа зауыты Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетпен, Ақтөбе политтехникалық колледжі сияқтыкөптеген орта және жоғарғы оқу орындарымен әрдайым тығыз әріптестік байланыста. Студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуге және түлектерін жұмысқа қабылдап өмірде білікті маман болып қалыптасуына қол ұшын беріп отырған кәсіпорындардың бірі.
Ақтөбе политтехникалық колледжі «Электрмен қамтамасыз ету» мамандығының 2-курс студенттері Ақтөбе ферроқорытпа зауытын аралап, өндірістің шығаратын өнімі, технологиясымен танысты. Сонымен қатар бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Әбілқайыр Сотқаров ұжымдық шарт негізін басшылыққа ала отырып өндірісте жас мамандарға ерекше назар аударылып отырғандығын әрі жас мамандар кеңесінің атқарып жатқан игі істерін тілге тиек етті. Өз өмірлерін өндіріспен байланыстырғысы келетін түлектер болса қуана қабылдаймыз деп атап өтті.
–Студенттердің колледжден алған білімдерін өндіріспен ұштастырып, жетілдіру практикадан өтуге, тіпті экскурсияларды өткізуге зауыт әкімшілігі үнемі қолдау көрсетіп отырады. Осындай іс-шаралар зауытпен жақын танысуға, нақты жобаларды іске асырып, тәжірибеден өтуге, болашақта жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.Колледжде білікті мамандар даярлаумен бірге, түлектердің өз мамандықтарына сай жұмысқа орналасуын да кеңінен қарастырып отырады. Тұрақты айлығы, жұмыскерлердің құқығын қорғайтын ұжымдық шарты бар облыстағы ең ірі алып зауытта жұмыс істеу кез-келген жастардың басты арманы.Осындай маңызды шаралар қашанда оң нәтижелерін береді, – дейді топ жетекшісі Гулстан Сәлімкерей.