Ағымдағы жылдың ақпан айында “Абу Даби Плаза” құрылысын салып жатқан «Арабтек» компаниясының штаттық қызметкерлері мен сол жұмысты орындауға тартылған ұйымдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеудегі теңсіздік туралы мәселе туындаған еді.
Бұл мәселе Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары төрағалық еткен қалалық үшжақты комиссия отырысында да қаралды.
2022 жылғы 21 ақпанда “Абу Даби Плаза” құрылыс алаңында компанияның кәсіподақ активі Құрылыс кешені және тұрғын-үй коммуналдық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы «Астана» қалалық филиалы өкілдерінің қатысуымен “Arabtec CCL” ФК еңбек ұжымымен жиналыс өткізді.
Штаттық және жұмысқа тартылған қызметкерлерге еңбекақы төлеудегі теңсіздік, еңбекке жарамсыздық парақтарын төлеу бойынша, әлеуметтік кепілдіктер мен жалақыны индекстеуге қатысты ұжымдық шарт талаптарының орындалмауы туралы компания басшылығына сұрақтар қойылды. Сондай-ақ, “Arabtec CCL” ФК компаниясының басшылығына ұйымның қаржы-экономикалық жағдайын ескере отырып, қызметкерлердің жалақысын индекстеу мәселесін талқылау ұсынысымен үндеу жолданды.
Бірақ, жолданған үндеуден соң, компания басшылығы кәсіподақ комитетінің төрағасы лауазымын қысқарту туралы шешім қабылдап, 1 сәуірден бастап қысқарту туралы хабарламаны табыс етеді. Өз кезегінде Салалық кәсіподақ компания басшылығына кәсіподақ комитетінің төрағасын қорғауда дәлелді пікірін ұсынды. Бүгінгі күні кәсіподақ комитеті төрағасының құқығы қорғалып, жұмысын жалғастыруда. Сондай-ақ, кәсіподақ мүшелеріне бонустар төлеуге қол жеткізілген.