«Қазхром «ТҰК» АҚ – филиалы Ақтөбе ферроқорытпа зауытының техникалық кітапханасы біраз жылдан кейін өз жұмысын қайта жандандырды. Қазіргі таңда заман талабына сай жабдықталған заманауи кітапхана зауыттықтардың игілігі үшін өз жұмысын бастады.
Жарты ғасырға жуық тарихы бар зауыттың техникалық кітапханасы ағымдағы жылдың сәуір айында өз жұмысын қайта жандандырды. Зауыт директоры Жалғас Мусабеков, өндіріс жөніндегі зауыт директорының орынбасары Ержан Абдулабеков, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Әбілқайыр Сотқаров, және бөлім басшылары арнайы келіп қайта жанданған кітапхананы аралап көріп, өздерінің ізгі тілектерін жеткізіп жұмысына сәттілік тіледі. Кітап қоры 50 мыңнан асатын кітапхана енді зауыттықтардың игілігі үшін жұмыс істейтін болады.
– Зауыт әкімшілігі,бастауыш кәсіподақ ұйымының қолдауымен техникалық кітапхана қайта жаңғыртылып, өз жұмысын бастады. Зауыттың орталығынан орын алған жаңарған кітапхана заман талабына сай күрделі жөндеуден өткізіліп, еңбеккерлердің игілігі үшін қызмет ету үшін барлық жағдайларды жасадық. Алдағы уақытта кітап қорын заманауи техникалық кітаптар, журнал басылымдармен толықтыру үшін осы жылдың бизнес жоспарына қомақты қаражат қарастырылды, – дейді бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Әбілқайыр Сотқаров.
Өндірістегі мамандар өздеріне қажетті кітаптарды алып оқуға, білімдерін толықтыруғатехникалық кітапхананың берері көп.
– Зауыттың техникалық кітапханасымен бала кезімнен таныспын десем артық болмас. Менің әкем Олег Мочалин осы зауытта көптеген жылдар бойы энергетика саласы бойынша басшылық қызметтерді атқарды. Осыдан 30 жыл бұрын жоғарғы оқу орнына түсу үшін әкем арқылы техникалық кітаптарды алдыртып оқып жоғарғы оқу орнына түскен болатынмын. Ол кездері кітаптар тапшы еді. Ал зауыттың кітапхана қоры бай болатын. Енді өзім осында әке жолын жалғастырып өндірісте еңбек етіп келемін. Қазіргі уақытта 30 жылдан кейін дәл осы кітапханадан балама кітап алып отырмын, – деп жақсы естелігімен бөлісті зауыт директорының техникалық жөндеу бөлімінің орынбасары Димитрий Мочалин.
Зауыттықтар үшін сәуір айы жақсы жаңалықтармен басталды. Халық игілі үшін есігін айқара ашқан кітапхана қоры алдағы уақытта өндірістегі мамандардың сұранысы бойынша жаңа кітаптармен толығады.