«Amanat» партиясы атынан сайланған облыстық мәслихаттың депутаттық фракциясының мүшелері Жылыой ауданында болып, фракцияның көшпелі отырысын өткізді. Депутаттар – фракция жетекшісі Амангелді Абдолов, Әлібек Нәутиев, Ізтұрған Баймұханов, Айтпай Сисенов пен Гүлсім Хамитова, сондай-ақ, «Amanat» партиясы Атырау облыстық филиалының атқарушы хатшысы міндетін атқарушы Арман Азаматов және қоғамдық қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі Ақтолқын Ахметжановалар аудандық мәслихаттың депутаттарымен бірге Жылыой ауданының әкімі, партия филиалының төрағасы Халел Жамаловтың мұнайлы өңірде саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы жөніндегі есебін тыңдап, талқылады.
Аталған бағдарламаға орындалу мүмкіндігі жоғары жобаларды енгізген ауданда бірқатар игілікті істер мен тың бастамалар нәтижелі шешімін тауып келеді. Жергілікті атқарушы және өкілді органдар депутаттармен бірлесе отырып, ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық мәселелеріне баса көңіл аударатындығы байқалады. Депутаттар тарапынан көктемгі су тасқынының жайы, Жем өзені арнасының толуы, егін және мал шаруашылығын дамыту, жұмыс ауқымының аяқталуына байланысты «Теңізшевройл» компаниясының мердігер мекемелерінен босатылатын жылыойлықтардың болашақ тағдыры жөніндегі сауалдар да қойылды. Аудан әкімінің айтуынша, кен алаңында еңбек ететін ауылдастар соңғы лекпен қысқартылатын көрінеді.
Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылғы арналған жол картасы шеңберінде 2 жобаға 64 адамды жұмысқа орналастыру, оның 34-ін жұмыспен қамту орталықтары арқылы тарту, «Еңбек» бағдарламасы бойынша 370 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделген. Жалпы ауданда 2025 жылға дейін 13 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Күні бүгінге дейін мұнда 3800-дей жаңа жұмыс орны ашылған. «ТШО» және Теңіз қалашығында орналасқан 22 мекемемен меморандумға қол қойылған.
Сайлауалды бағдарлама бойынша ауыл тұрғындарының табысын арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұтыну тауарлар бағасын тұрақтандыруды көздейтін 40 кәсіпкерлік нысанмен меморандум жасалуы да құпталық жағдай. Кәсіпкерлікке кең өріс ашу, егін шаруашылығын дамыту, мал тұқымын асылдандыру, өнімдерін өңдеу цехтарын ашу жағы да көзделген. Алдағы 5 жылда «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында былтыр –2, биыл тағы 2 жоба іске асырылған.
Аудандағы 400-ден астам мүгедек баланы оңалтатын әлеуметтік орталық ашу жобасының неліктен құрылысын Атыраудан салуға ауыстырылғандығын сұраған азамат сауалына байланысты облыстық мәслихаттың депутаты Ізтұрған Баймұханов аталған мәселені облыстық мәслихаттағы әріптестерімен ақылдасып, сессияда бір шешімге келетіндігін жеткізді.
Бағдарламада тұрғын үй құрылысына ерекше маңыз берілген. 2025 жылға дейін 38,7 мың шаршы метр тұрғын үй салу көзделген болса, сол межені алғашқы екі жылда орындап тастаудың алдында тұр. Ауданда кезекте тұрған 360 отбасын, оның ішінде, жастар мен әлеуметтік жағдай төмен азаматтарды тұрғын үймен қамту бойынша былтыр –76, биыл – 60, келер жылы тағы 50 отбасы баспаналы болмақшы. Құлсары мен ауылдық округтердің жолдарын салу, тұрғындарды таза ауыз сумен қамту, экологиялық ахуалды оңалту мәселелері де көрініс тапқан.
Депутаттар өз тарапынан құрылыс жұмыстары барысына, олардың салану сапасына, бюджеттен бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуы мен толық игерілуіне партиялық және депутаттық топтардың бақылауын жүзеге асыратындығын жеткізді.