Шартараптан келген шипагерлер

Түркістан қаласында «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалына қарасты бастауыш кәсіподақ ұйымы – «Гирудомед» емдеу орталығының ұйытқы болуымен науқасты сүлікпен емдейтін дәрігерлердің Халықаралық Гирудотерапия конференциясы өтті. Мамандар бұл кездесуде осы саланың бүгінгі мәселелері мен гирудотерапияның әрі қарай дамуын талқылады. Басқосуға Қазақстанның таңдаулы дәрігерлерінен бөлек, Польша, Украина мен Ресей елдерінің сүлік салушы мамандары қатысып, баяндама жасады. Өзге елдердің гирудотерапевттері конференцияға арнайы ZOOM платформасы арқылы қатысты.


Сүлік салдыру – дәстүрлі ем. Оның адам денсаулығына тек пайдасы болмаса, ешқандай кері әсері жоқ. Бұл ем түрі ықылым заманнан бері бар, қазіргі таңда жоғары сұранысқа ие емдеу түрі. Гирудотерапевтердің жиынында жоғары тәжірибелі мамандар осыны ерекше атап өтті.

Жалпы, сүлiк салудың адам денсаулығына 3 маңызды пайдасы бар. Бiрiншiсi, бойдағы арам қанды алады. Екiншiсi, сүлiкте жүзден астам фермент бар. Олардың адам ағзасына пайдасы өте зор. Үшiншiсi, сүлiктiң сiлекейiнде гепарин ферменті болады. Ол ағзада қанды 6-7 ай сұйылтып тұрады. Жүрегi ауыратын, қаны қоюланған науқастарға емдеу мекемелерiнде қан сұйылтқыш дәрiлер жазып бередi. Алайда, олардың әсерi 2-3 күнге ғана жетедi. Ал, 10 күн сүлiк салдырған науқастардың қаны жарты жыл бойы қоюланбай жүредi. Ағза белгiлi бiр мөлшерде қан жоғалтса, сүйек кемiгi жаңа қан клеткаларын тудырады. Соның әсерiнен адам жасарып, бет-әлпеті тазаланады. Сүлiк, әсiресе, қан қысымы жоғары науқастарға таптырмас ем, – дейдi Қазақстан Гирудотерапевтер Альянсының Президенті, гирудотерапевт-дәрігер, медицина магистрі, «Гирудомед» емдеу орталығының бас дәрігері Салтанат Жақсылыққызы.

Сонымен қатар, елімізде індет ушығып тұрған кезінде адамдар қанның қоюланып кетуіне жол бермей, оның алдын алу үшін қанды сұйылтатын түрлі дәрі-дәрмектер пайдаланды. Бағасы аспандап кеткен ондай препараттарды алуға шамасы келмегендер немесе дәріханалардан қан сұйылтқыш дәрі таппағандар кәдімгі аспирин таблеткасын ішті. Бірақ бұлардың әсері табиғи гепариндей ұзаққа созылмайды. Сондықтан сүлікпен емдеу терапиясы пандемияның алғашқы толқыны жүріп жатқан кезде үлкен сұранысқа ие болған. Дәрігер мұны сүліктің құрамындағы гепариннің барымен байланыстырады. Қан сору барысында сүліктен бөлінген табиғи гепарин қанның қоюланбай алты айға дейін сұйық қалпын сақтап тұруға көмектеседі. Ал коронавирустың денсаулыққа тигізер кері әсерлерінің бірі – ол қанның қоюланып кетуі. Көп науқас соның салдарынан ажал құшқан.

Халықаралық конференцияда сөз алған «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Әлтеев, отандық гирудотерапияны дамытуда әлеуметтік әріптес, сүлікпен емдеу орталығы – «Гирудомедтің» рөлі орасан зор. Орталық кәсіподаққа мүшелікке 2020 жылы кірген. Кәсіподақ қызметі негізгі үш бағытты қамтиды. Ол – кәсіподақ мүшесінің жұмыс орнының сақталуы. Қазіргі экономикалық жағдайларға байланысты қысқартулар болып жатса да, жұмыс беруші міндетті түрде қызметкерді жұмыстан шығармас бұрын кәсіподақпен келісуі керек. Жұмыс орнының қауіпсіздігін қамтамасыз етілуін де біздер қадағалаймыз. Жалпы, зиянды әрі қатерлі кәсіптің иесі – осы дәрігерлер. Олар түрлі жұқпалы инфекциялы науқастармен жұмыс істейді. Күнделікті сәулелі-диагностикалық құрылғыларды басқарудың да, қатерлі медикаменттермен жұмыс істеудің де ауыр салдары бар. Сол себепті жеке басының қорғану құралдарымен қамтамасыз ету жұмыс берушінің есебінен болуы тиіс. Ол да біздің назарымызда. Еңбектің лайықты бағалануы – біздің жұмыстың үшінші маңызды бағыты. Оның айналасында жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жасау. Бұл қалай дегенде, ұжымдық шартты алға тартамыз. Егер республикалық деңгейде алатын болсақ, құзырлы министрлікпен жасалған салалық келісім бар. Онда еңбек демалысына қатысты берілетін жолдамаларға жеңілдіктер қарастырылған. Кәсіподақтың араласуымен ынталандыру жүйесін де назардан тыс қалдырмаймыз. Сонымен қатар, ҚР Кәсіподақтар Федерациясымен іске қосылған Заң клиникасының мамандарымен де кәсіподақ мүшелеріне тегін кешенді құқықтық көмек ұсынылып отыр. Бұл орталықтан кәсіподақ мүшелері түрлі құқықтық көмектер алуға мүмкіндік берілген» – деді.

Еліміздің өзге өңірлерінен жиынға келген медицина қызметкерлері кәсіподақ қатарына қосылуға өз қызығушылықтарын танытты.

Екі күнге созылған конференция озат тәжірибені насихаттаумен құнды болды. Бұл салаға жаңадан із салғандар гирудотерапияның қыр-сыры туралы мағлұмат алды. Конференция соңы мәдени-рухани іс-шараға ұласты.