«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: Өзекті мәселелер ортаға салынды

Бүгін «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясы аясында ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев  «QazServiceGroup» компаниясының жаңадан құрылған бастауыш кәсіподақ ұйымымен кездесті.

Онлайн форматта өткен кездесуге Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев, «Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Құсейін Есенғазин, салалық кәсіподақтың Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Қуанбай Коктов, «QazServiceGroup» бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Айгүл Жантулесова және мекеменің бастауыш ұйым мүшелері қатысты.

Кездесуді алғысөзбен ашқан Алтынбек Әмірғалиев Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен қолға алынған «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясының маңыздылығын атап өтіп, мұндай жиындардың басты мақсаты бастауыш кәсіподақ ұйымының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, еңбек ұжымын толғандыратын өзекті мәселелерді талқылау екендігін жеткізді.

Ақтөбе облысын газбен жабдықтаушы «KazTransGaz» ЖШС-не биллинг қызметін көрсететін «QazServiceGroup» ЖШС жуырда бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, 120 қызметкер кәсіподақ мүшесі болды. Бастауыш ұйым «Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағының» Ақтөбе облыстық филиалының құрамына кірді.

Серіктестікте облыс бойынша газбен толық қамтамасыз етілген 12 ауданға және Ақтөбе қаласындағы 5 учаскеге қарасты жүзден астам бақылаушы жұмыс жасайды.

Ағымдағы жылдың қаңтар айында тұрғындарға газ шаруашылығы түбіртегін тарататын бақылаушылар жалақыларының аздығына наразылықтарын білдірген болатын. Мекеме жұмысшылары айына 60 мың теңге жалақы алады және одан бөлек жолақылары үшін айына 7 мың теңге төленеді. Әр бақылаушы әр айдың төртінші жұлдызынан бастап бір апта ішінде өздері жауапты 1500 абонентке газ түбіртіктерін таратып шығады.

Кездесу барысында бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Айгүл Жантулесова осы мәселелерді көтеріп, әр жұмыскердің көкейінде жүрген сауалдарды жеткізді. Ашық форматта өткен кездесуде жалақыны көтеру, еңбек демалысына әлеуметтік төлемдер, сыйақы мәселелері айтылды.

«Қазіргі таңда қала тұрғындары санының өсуіне байланысты абонент саны да артып келеді. Дегенмен, жұмыскерлердің жүктемелері көбейгенімен, жалақы көтерілмеді. Осы себепті біз өз еңбек құқықтарымызды қорғау мақсатында кәсіподақ ұйымын құрдық», – деп атап өтті Айгүл Жантулесова.

Қазіргі таңда серіктестікте жұмыс берушімен ұжымдық шарт жасалу мәселесі қаралуда. Ұжымдық шарт аясында еңбек қатынастарының заң аясында жүзеге асырылуы, еңбек дауларының алдын-алу, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбекақының дұрыс және уақтылы төленуі, әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер, қызметкерлердің кезекті еңбек демалыстарына үстемақы төлеу және т.б. мәселелер қарастырылатын болады.

Өз кезегінде сөз алған «Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Құсейін Есенғазин салалық кәсіподақ жұмыскерлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеру үшін бар күш-жігерін салатынын, бүгін қозғалған өзекті мәселелерді шешуге жан-жақты атсалысатынын жеткізді.

Ал облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев бүгінде күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша жұмыс берушімен келіссөздер жүргізіліп жатқандығын атап өтті. Сонымен қатар, ұжымдық шарт белгілі бір уақытта дайын болмаса, не мәселе өз шешімін таппаса, онда облыстық үшжақты комиссия отырысында қаралатынына тоқталды.

Кездесуді қорытындылай келе, ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев кәсіподақ мүшелерінің көтерген сұрақтарының маңыздылығын атап көрсетті.

«Лайықты және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау, қарапайым еңбеккерлердің жалақысын көтеру, Еңбек адамының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері – ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» Стратегиясында көрініс табады. Қарапайым жұмыскерлердің барлық өзекті мәселелерінің заңнама аясында шешімін табу үшін жұмыс атқарып жатырмыз, атқара береміз», – деп атап өтті төраға орынбасары.