Қоғамның қозғаушы күші – жастар

Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратжан Шотанов табиғат аясында жастармен еркін форматта кездесті. Жиынға аймақтағы жастар ұйымдарының өкілдері, жоғарғы және орта кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі атынан «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Бекдәулет Тасболат қатысты.


Кездесудің мақсаты – қаладағы жастардың түрлі бағыттағы мәселелері мен ұсыныс пікірлерін тыңдау, жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру, құқықтары мен мүдделерінің қорғалу деңгейін анықтау және оларды жетілдіру жолдарын іздестіру. Басқосуда орта арнаулы оқу орнындағы бітіруші мамандық иелеріне ұсынылатын мемлекеттік бағдарламалар, жеке кәсіпкерлік, жастарды жұмыспен қамту, тұрғын-үй және білім саласында әңгімелер өрбіді.

Бекдәулет Тасболат өз тарапынан: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды “Балалар жылы” деп жариялады. Осыған орай, кәмелет жасқа толмаған балалардың қоғамдық көлікте тегін қатынау мәселесін қарастырсаңыздар. Ал, екінші ұсынысым – жастар көкейлерінде жүрген сауалдарын, ұсыныс-тілектерін салаға тиісті мамандармен пікірсайыс түрінде кездесу өткізу мәселесін қарастырсаңыздар», – деген ұсыныс айтты.

Сонымен қатар, спорт саласында жетістікке жеткен жастарға қолдау көрсету, пікір-сайыс орталықтарын жандандыру жүйесін қолға алу, арнайы жастарға арналған газет-журналдар мен әлеуметтік желілердігі ақпараттандыру жүйесін дамыту сынды тың жобалар мен ұсыныстар айтылды.