Кәсіподақ төрағасы Исатай ауданында болды

Атырау облыстық мәслихаттың депутаттық фракциясының жетекшісі Амангелді Абдолов, орынбасары, Атырау облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ізтұрған Баймұханов, мүшелері Әлібек Семғалиев пен Индира Дүсіпқалиева Исатай ауданында болды.


Олар аудан әкімі Полымбек Хасановтың есебін тыңдады. Баяндамада атап көрсетілгеніндей, бүгінде күн тәртібіндегі өткір әрі өзекті проблеманың бірі – халықтың экономикалық белсенді бөлігін жұмыспен қамту. Исатай ауданында былтыр 1202 адам жұмыс орындарымен қамтылып, оның ішінде 725 адамды тұрақты жұмысқа алынған. Биыл 1103 адамды жұмысқа қабылдау, орташа жалақы деңгейін 257 мың теңгеге жеткізу көзделген.

Ауыл бизнесін дамыту дамыту мақсатында бес жылда «Бизнес-Аймақ», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары шеңберінде жергілікті бюджет есебінен 39 жоба несиелендіріледі, оның 7-і биыл жүзеге асырылмақшы. Тұрғын үй құрылысына ерекше маңыз берілген. 2025 жылға дейін жалға берілетін әлеуметтік тұрғын үй құрылысын жалғастырып, Аққыстауда үш қабатты 60 пәтерлік 5 үй салынбақ.

​Аудандық орталық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жүмыстары жақында басталған. Ал, Томан елді мекеніне 80 орындық балабақша құрылысын салу ісі әлі қолға алынбаған болып шықты. Ізтұрған Баймұханов жобалық-сметалық құжаты мемлекеттік сараптамадан өтіп, бюджеттік өтінім берілген балабақша, дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылыстарының неліктен кешігіп жатқанына алаңдаушылық білдірді. Бұл мәселе тиісті құзырлы мемлекеттік органдар басшыларынан қатаң сұралатындығын және әлеуметтік нысандарға бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына, жөндеу және құрылыстың салыну сапалына партиялық та, депутаттық та бақылау жүргізілетіндігін қадап айтты.