Мектеп мәселесі мәнісін таппай тұр

Елімізде кәсіподақтар қозғалысы үшін ерекше маңызды «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» жобасы аясында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Руслан Ақжігітов пен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Шымкент қалалық ұйымының төрайымы Лариса Тургинбаева қаладағы №1 Жамал Омарова атындағы балалар саз мектебінің ұжымымен кездесті.


Бір ғасырға жуық тарихы бар музыка мектебі ұлт руханиятының діңгегін берік етіп, төл өнерімізді өрістетуде ерекше үлес қосып келеді. Өнер ордасының ірге тасы 1942 жылы қаланған. Содан бері талай шәкірт білім алып, биік мінберлерден көрінді. Облыстық, республикалық, тіпті, халықаралық байқауларда еліміздің абыройын асырды. Бүгінде шаңырақта вокал, хор дирижерлік бағыт бойынша оқытуға басымдық берілген. Сонымен қатар, алтын ұя ішекті, үрмелі аспаптар, қобыз, домбыра, хор, баян, аккардион сында он бір бөлім бойынша мыңға жуық оқушыларды тәрбиелейді.

Кездесуде еңбек ұжымы тарапынан ғимарат мәселесі көтерілді. 2016 жылы кеңес кезінде салынған саз мектебінің ғимараты апатты деп танылған болатын. Іргесі сөгіліп, қабырғасы құлай бастаған ғимаратта білім беру қауіпті болғандықтан, мектеп ұжымы мен 800-ге жуық оқушы өзге жайға көшірілген еді. Сол уақыттан бері мектеп ұжымы уақытша берілген ғимаратта дәріс беріп келеді.

Бұл жөнінде №1 музыка мектебінің директоры, әлеуметтік-әріптес Темірғали Қуандықов: «Бүгінде жер мәселесі шешілмей жаңа ғимараттың құрылысы ұзаққа созылып жатыр. Өйткені ескі мектептің жер көлемі қазіргі сынып талаптарына сәйкес келмейді. Аздық қылады. Бала санының көп болуына байланысты жаңа мектеп құрылысы жобалық-сметалық талапқа сай келмей тұр», – деді.

Білім ошағын аралап, музыкалық мектептің бүгінгі жағдайынан хабардар болған «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Руслан Ақжігітов өнер ұжымының мұң-мұқтажын тыңдап, көтерілген мәселе кәсіподақтың назарынан тыс қалмайтындығын жеткізді.

Сонымен қатар, бұл кездесуде кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Кәсіподақтар федерациясы тарапынан еңбек адамын ұлықтау, лайықты еңбек жағдайларын жасау, жұмысшылардың еңбек мүдделері мен құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып өтті. Сондай-ақ, кәсіподақтар орталығында Заң клиникасы мен «Татуласу орталығының» жұмыстары туралы түсіндірме беріп, арнайы жадынаманы таратты.

Кездесу соңында қаланың балалары мен жасөспірімдерін ұлттық өнерге баулуға шақыратын саз мектебінде дәріс алып жүрген оқушылар келген қонақтарға музыкалық аспаптарда ойнап өнерлерін паш етті.