Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 159-бабына сәйкес жеке еңбек дауларын қарау үшін білім беру ұйымдарында кәсіподақ комитеті мен ұйым әкімшілігі өкілдерінен 577 келісім комиссиясы құрылып, жұмыс істейді. Соңғы үш жылда 1356 адам оқудан өтті. 2021-2022 оқу жылында облыс бойынша кәсіподақтың 50 мүшесі еңбек даулары бойынша келісім комиссияларына жүгінді. Барлық өтініштер сот талқылауларына жеткізбей медиация жолымен шешілді. 2021 жылы көрсетілген құқықтық көмек бойынша жалпы экономикалық тиімділік 334 197177 (үш жүз отыз төрт миллион бір жүз тоқсан жеті мың бір жүз жетпіс жеті теңге) құрады.
«Кәсіптік одақтар туралы» ҚРЗ 17-бабының 5-тармағына сәйкес кәсіподақ мүшелерінің арасында олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, оның ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек заңнамасының негіздері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ еңбек дауларында келіссөздер жүргізе білу дағдыларын дамыту және консенсусқа қол жеткізу кәсіподақтардың негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.
Заңның осы нормасын негізге ала отырып және түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында «Еңбек даулары, олардың туындау себептері. Еңбек дауын келісу комиссиясында шешу тәртібі» облыстық семинары өтті.
Білім беру ұйымдарының басшыларына, келісім комиссияларының мүшелеріне, кәсіподақ көшбасшыларына арналған оқыту семинарын «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ құқықтық жұмыс, еңбекті қорғау және қауіпсіздік бөлімінің басшысы Райхан Кидирбаева және ҚБ бас маманы Айдарбек Бектабанов өткізді.
Семинар барысында қатысушылар білім беру мекемелерінің күнделікті тәжірибесінен сұрақтарға толық жауап алды. Семинар соңында қатысушыларға оқудан өткені туралы сертификаттар табыс етілді.
Шараның екінші жартысында «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор-2022» республикалық конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.
Конкурс еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың ішкі бақылауын жүзеге асырудың тиімділігін арттыруға, өндірістік жарақаттану мен кәсіптік ауруларды төмендетуге, кәсіподақ ұйымдарының еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелеріндегі рөлін арттыруға бағытталған.