«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев Шымкент қаласы қоғамдық кеңесі жанынан құрылған cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарын бақылау жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі ретінде мәжіліске қатысты. Отырысқа білім саласының бастауыш кәсіподақ мүшелері, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің өкілдері, білім беру мекемелерінің басшылары қатысты. Басқосуда білім беру саласында кездесетін жемқорлық құқықбұзушылық факторлары жайында сөз болды.
Кездесу қатысушылары осындай бұзушылықтың салдарынан орын алған жағдайларды қарастырып, оларды жою жолдарын ұсынды. Жиналғандардың айтуынша, білім беру саласы жемқорлық қауіпі жоғары салалардың бірі.
Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлыққа түрткі болып, жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі – қаржының орынды пайдаланбауы, оқу сағатының бөлінуі, қызметкерлерді қағаз күйінде жұмысқа қабылдау. Мемлекеттік сатып алуда да кемшіліктер жетіп жатыр. Әлеуметтік топтағы оқушыларды тегін тамақтандыру, бөбектерді мектепке дейінгі мекемелерге орналастыру да өзекті мәселелердің қатарында.
Басқосуда Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Б.Әлтеев білім саласына қарасты мекеме қызметкерінің кәсіподақ жұмысына араласқан жағдай туралы айтып өтті. Білім ұяларындағы кәсіподақ жарнасы заңсыз игеріліп, мақсатсыз жұмсалған жағдайларға тоқталып, бұл әрекеттерде сыбайлас жемқолықтың көрінісі бар екендігін атап өтті.
«Бүгінде қалада ең көп қызметкері бар кәсіподақ білім саласында. Мұндағы кәсіподақ мүшелерінің саны 20 мыңнан асады. Өкінішке орай пандемия кезінде кәсіподақтың жарнасын мектептерге салынған әкімшілік айыппұлдарына жұмсаған кездері де болды. Мүшелік жарна негізінен сол кәсіподақ мүшесінің заңды ақшасы. Оны басқа мақсатта пайдалануға ешкімнің құқұғы жоқ. Ол заңда белгіленген» – деді Бауыржан Әлтеев.
Отырыста қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның баяндамасы да тыңдалды. Ол жиналғандарға білім ұяларында жемқорлыққа қарсы өткізілетін алдын алу іс-шаралары жайында айтып берді.
Жиын қатысушылары жоғарыда аталған шаралардың барлығы білім беру саласындағы жемқорлық құқықбұзушылықтың санын азайтуға әсер ететіндігін айтты.
Отырыс қорытындысы бойынша қоғамдық кеңес мүшелері Шымкент қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жандандыру жөнінде білім саласында кездесетін бірқатар нақты ұсыныстарды алдағы уақытта кеңеске шығарып, жою жолдарын қарастыратын болып шешті.