Бастауыш сыныптарда оқыту әдісін шебер меңгерген ұстаз Ақжарқын Ақбалақызы Нагиева БҚО, Тасқала ауданы Қ.Сәтбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектепте 1999-2000 оқу жылынан бері еңбек етіп келеді. Өзі іздене жүріп, жиған бай білімі мен іс-тәжірибесін шәкірттерінің жан-жақты дамып, парасатты азамат болып өсуіне жұмсаудан жалыққан емес. Сол табанды да жемісті еңбегінің арқасында тиянақты іскерлігімен, орынды талап қоя білетіндігімен, ұстаздық ұстанымдылығымен әріптестері арасында құрметке ие болып, 15 жыл мектепте бастауыш сынып оқу ісінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды.
Теориялық білімі терең, еңбекқорлығы мен тәжірибесі жоғары, Ақжарқын Ақбалақызының күнделікті ізденісі, әр сабағын өмірмен байланыстыра отырып жүргізуі – оқушылардың сабаққа қызығушылығын, азаматтық көзқарастарын қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл мақсатта дайындаған әртүрлі дидактикалық материалдарының мәні зор. Ұстаз әр сабағын жаңартылған білім мазмұнына сай түрлендіріп, дәстүрлі емес сабақ түрінде қазіргі оқытудың озық технологияларын пайдалану арқылы өткізеді.
Ұстаздың еңбектерін соңғы үш жылда облыстық, республикалық газет, журнал басылымдарынан көруге болады.
Мұғалім өз іс-тәжірибелерімен облыс, республика көлемінде бөлісіп келеді. 2017 жылдың 20 наурызы мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының облыстық оқу-әдістемелік кабинеті, «Даналық баспалдағы» тәжірибе алмасу педагогикалық шеберлік мектебінің І-ші шақырылымында, Батыс Қазақстан облысының білім саласындағы бақылау департаменті ОЖСБ ақпараттық-түсіндіру және ұйымдастыру мәселесі бойынша оқыту семинарында, «Даналық баспалдағы» тәжірибе алмасу педагогикалық шеберлік мектебінің ІІ-ші шақырылымында «Оқу-тәрбие жұмысын талдау» жұмысымен, «Бастауыш сыныптардағы табысты оқыту: жаңару, ізденіс, тәжірибе» тақырыбындағы облыстық семинарда «Оқушылардың оқығанды жинақтай білу дағдысын дамыту жолдары» тақырыбында каучинг өткізіп, өз іс-тәжірибелерімен бөлісіп, құнды жұмыстары үшін сертификат алса, биылғы оқу жылы 9-ақпанда жұмысы үлгілі танылып, облысқа қайта шақыртылып, Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы «Мектеп менеджменті: тиімді басқару мен сапалы білім беру» мектеп меңгерушілеріне арналған оқыту семинарында «Оқу-тәрбие жұмысын талдау» жұмысы көрсетілді.
Ұстаздың 22 жылдық еңбек жолында 5 рет бастауыш сынып түлектерін шығарды. 10 оқушысы «Алтын белгі» иегерлері атанды.
Ұстаз мектепішілік, аудандық, облыстық шаралардың бел ортасында жүреді. Өз ісімен қатар аудандық бастауыш сынып мұғалімдерінен құралған шығармашылық топтың және аттестаттау комиссиясының мүшесі, БҚО-ның білім саласындағы бақылау департаментінің мемлекеттік аттестаттау комиссиясындағы бастауыш сыныптар арасындағы бас сарапшысы болып табылады. Ақжарқын Ақбалақызын әріптестері үйретері мол, біліктілігі жоғары ұстаз деп бағалайды.