25 жыл педагогтік еңбек өтілі бар ұстаздардың біліктілік деңгейін арттыру аттестациясының тестілеу кезеңінен босатылуы туралы ұсыныс айтылды. Қазірде педагогтер арасында жиі көтеріліп жүрген бұл мәселе бойынша уәждерін мұғалімдер Білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағының Қызылорда облыстық ұйымымен құрылған жұмыс тобына Қазалы ауданындағы іссапары барысында жеткізді. Олар тәжірибелі ұстаздардың тестілеуден өтпей, екінші кезең арқылы біліктіліктерін дәлелдеу мүмкін деп санайды.
Арал ауданынан бастау алған кәсіподақтардың жұмыс тобының қоғамдық қабылдауы жоспар бойынша Қазалы ауданының орталығы мен шеткі аймақтардағы білім беру ұйымдарында жалғасты.
Қабылдау барысында кәсіподақ мүшелері түрлі сұрақтармен жүгінді. Мектептердің сынып жетекшілері мен директордың тәрбие жөніндегі орынбасарлары оқушылар тәртібін қадағалау мақсатында түнгі рейдке шығатындықтары, ауыл аймақтардағы ішкі істер органдары бөлімдерінде арнайы тіркеуден өтетін жауапкершіліктері туралы қынжыла айтты. Педагогтер мұндай шараларды жүзеге асыру қосымша жүктеме екендігін және түнгі рейдтер еңбек жағдайының қауіпсіздігі мәселесі бойынша тәуекелдерге әкелетіндігін алға тартты. Жұмыс тобы аталған ұсыныстар мен сауалдар бойынша қолданыстағы заң шеңберінде жұмыстар жүргізілетіндігін жеткізді.