«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында бірқатар кездесулер ұйымдастырылды

Шығыс Қазақстан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы Зайсан ауданында «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында бірқатар кездесулер ұйымдастырды.

Кәсіподақ өкілдері аудан бойынша 10 шақты мектеп және балабақша ұжымдарымен бетпе-бет кездесіп, туындаған мәселелерді мүмкіндігінше орнында шешу, қолдауды немесе тереңірек зерттеуді талап ететін мәселелерді құзыретті органдармен бірлесіп шешу, оның оң шешілуін бақылауға алу – кәсіподақтың негізгі мақсаты екендігін жеткізді.

Кездесулер соңында кәсіподақ қоғамдық қабылдау ұйымдастырды. Осы қабылдаулар барысында еңбек құқықтықтары, еңбек шарты, еңбекақыдағы мәселелері қамтылды, кәсіподақ мүшелерін толғандырып жүрген жеке сұрақтарына жауап берілді.

Қазақстан Республикасы заңнамаларының талаптарына сай сотқа жүгінер алдында еңбек дауларын қарайтын құзіретті орган – Келісім комиссияларының мүшелеріне арнайы «Келісім комиссиясының жұмысын ұйымдастыру» атты 4 сағаттық бағдарлама аясында оқыту жүзеге асырылды. Семинарға келісім комиссиясының әкімшілік пен кәсіподақ арасындағы сандық құрамының тепе-теңдікті сақтай отырып, құрылған 140 мүше қатысты. Семинар соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Зайсан өңіріндегі апталық соңында «Әр ұстаз – өз шәкіртіне үлгі» ұранымен облыстық спартакиаданың аймақтық жарысы өтті. Аймақтық іріктеуге Тарбағатай, Күршім, Зайсан аудандарының білім саласының кәсіподақ ұйымының мүшелері арасында волейболдан және үстел теннисінен жарыс өтті.

I – орын Зайсан және II – орын иеленген Күршім аудандарының кәсіподақ командалары 2022 жылдың мамыр айында өтетін Облыстық спартакиадасының финалына жолдама иеленді.