Архив қызметкерлерінің өзекті мәселелері сараланды

“Қалың қалай, бастауыш ұйым?” республикалық акциясы аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Түркістан облысының цифрландыру мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының “Түркістан облысы мемлекеттік архиві” КММ бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен кездесті.


Онлайн режимде өткен іс-шараға “Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, “Қызмет” мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мирболат Жақыпов, Қоғамдық бірлестіктің Түркістан облыстық филиалының төрайымы Күлдар Есебаева, Түркістан облысының цифрландыру мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының “Түркістан облысы мемлекеттік архиві” КММ басшысы Айдын Исатаева, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Айжан Өтелбаева және кәсіподақ мүшелері қатысты.

Кездесуді “Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы” АКБ төрағасы Бердіғали Өмірәлі ашып беріп, алғы сөзді ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешевке ұсынды.

ҚРКФ төрағасының орынбасары “Қалың қалай, бастауыш ұйым?” акциясы аясында өткізіліп жатқан кездесулер тәжірибе алмасу және еңбек ұжымдарындағы көтерілген мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік беретінін жеткізе отырып, “Әлеуметтік әріптестік жылы” аясында атқарылатын іс-шаралар жоспарымен бөлісті.

Жиын барысында қатысушылардың назарына “Түркістан облысы мемлекеттік архиві” КММ бастауыш кәсіподақ ұйымы жайында және онда атқарылып жатқан жұмыстар бойынша арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілімге ұсынылды.

Кезекті сөзді алған “Түркістан облысы мемлекеттік архиві” КММ басшысы Айдын Исатаева бір ғасырдай тарихы бар еліміздің оңтүстік аймағында орналасқан рухани архив мекемесінің жұмысына тоқталып, онда бірқатар атқарылып жатқан ауқымды іс-шараларға тоқталды. “Осы орайда өткенімізді саралап, болашағымызды бағамдауда архив қызметкерлерінің еңбегі ерен”, – деп айтып өтті.

Өз кезегінде сөз алған бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Айжан Өтелбаева бүгінде ұжымда 54 қызметкер жұмыс жасайтынын және барлығы кәсіподақ мүшелері болып табылатынын айтты. Мекемеде еңбеккерлердің әлеуметтік-экономикалық, құқықтық мүдделерін қорғау толығымен сақталған. Кәсіподақ мүшелерінің ауызбіршіліктерін дамыту аясында үнемі түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. Сонымен қатар, ұзақ уақыттан бері шешімін таппай жүрген мәселелерге кеңінен тоқталып өтті. Оның айтуынша, “Архив қызметкерлері ескі көне құжаттармен жұмыс жасайды. Осы жағдайды ескере отырып, архив қызметкерлеріне зиянды жұмыс жағдайы үшін төлемақы көлемін көбейту және кәсіподақ мүшелеріне сауықтыру орындарына жолдама алу кезінде Федерация тарапынан жеңілдік мөлшерін көбейту мәселесін қарастыруды сұраймыз. Бұдан бөлек техникалық қызметкерлерге жалақысынан басқа ешқандай төлемақылар қарастырылмаған. Еңбек демалысы кезінде сауықтыру жәрдемақысы төленбейді. Алайда архив қоймаларында мамандармен қатар жұмыс істейді. Сол себепті аталған қызметкерлерге сауықтыру жәрдемақысын төлеу мәселесі қолға алынса екен”, – деп өз уәжін айтып өтті.

Онлайн кездесуді жүргізіп отырған Бердіғали Өмірәлі кезекті сөзді “Қызмет” мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мирболат Жақыповқа берді. Кәсіподақ мүшелерінің қойған сауалдарын тыңдаған қоғамдық бірлестік төрағасы өз сөзінде қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, әлеуметтік әріптес болып табылатын мекеменің ұжымына табыс тіледі. Сондай-ақ, салалық кәсіподақ тарапынан әрдайым қолдау көрсетілетіндігін жеткізді.

Сонымен қатар, кездесуде сөз алған қоғамдық бірлестіктің Түркістан облыстық филиалының төрайымы Күлдар Есебаева бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері үшін “Қалың қалай, бастауыш ұйым?” республикалық акциясы аясында өткізіліп отырған осындай кездесулердің маңыздылығын жеткізе отырып, Кәсіподақтар федерациясына көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ жұмыскерлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеру үшін бар күш-жігерін салатынын, бүгінгі қозғалған өзекті мәселелерді шешуге жан-жақты атсалысатынын жеткізді.

Кездесуді қорытындылаған ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев бүгінгі кездесуде еңбек ұжымдарындағы проблемалық жағдайларды шешу үшін ұтымды ұсыныстармен бөлісу, осындай кездесулердің негізінде атқарушы органдарға ұсыныстар дайындалатынын, ал кәсіподақтар мен жалпы Федерация тарапынан өзекті мәселелерді шешудің ең қолайлы жолдары қарастырылатынын және көтерілген мәселелер алдағы уақытта әлеуметтік әріптестік аясында жұмыс жүргізу нәтижесінде оң шешімі табылатынын айтты.