Бүгін елордада өткен Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның кезекті отырысында жалақы, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешек мәселелері қаралды.
Жиынға Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіподақтар орталығының, қалалық прокуратураның, қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің Қарыздарды басқару бөлімінің, ҚР Жұмыс берушілер (кәсіпкерлер) ұлттық конфедерациясының, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының және полиция департаментінің өкілдері қатысты.
Қазіргі күні “SembolQurulus” ЖШС-нің 7 мердігерлік ұйымның алдында жалпы сомасы 64 066 960 теңге берешегі бар. Жұмыскерлер тиесілі жалақыларын ала алмай отыр. Аталған компания басшысының жауабын тыңдаған комиссия мүшелері ағымдағы жылдың мамыр айының аяғына дейін жеті мердігер ұйымның жұмысшыларына берешек жалақыны төлеуді тапсырды.
Келесі мәселеде “Синьсин құрылысы және дамыту жөніндегі қытай компаниясы” ЖШС Қазақстан Республикасындағы филиалы жұмысшыларының талаптары қаралды. Автожолдар құрылысы қызметімен айналысатын қытайлық компанияда соңғы үш жыл ішінде жалақыны индекстеу жүргізілмеген. Мұнда жүргізушілер мен экскаваторшылар жалақысының мөлшері 78 мың теңгені құрайды. Жұмысшылар арнайы киіммен қамтамасыз етілмеген. Айта кетерлігі, наразы болып отырған компанияның жұмысшылары қазіргі уақытта Тараз қаласында жол салып жатыр. Бірақ бас кеңсесі Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Соған орай, жуық арада аталған компанияға тексеру жүргізілетін болды.
Қазіргі уақытта елордада міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің жалпы көлемі 318 млн. теңгедей болып отыр.
“Астана Энерго Монтаж НТ” ЖШС өкілі И.Майзелсь жұмысшыларға 10 млн. теңге міндетті зейнетақы жарналарының төленгенін айтты. “ҚазЭкспортАстық холдингі” АҚ директоры Н.Рахымжанов өз активтерін сатуға қойылғанын хабарлады. Ал, 1 267 310 тенге төлем аудармаған ТОО «Z-Finance» ЖШС-нің шоттары бұғатталып, қылмыстық іс қозғалды.
Бұдан басқа «LimeOn Global Company» ЖШС және «Bee Softrware» ЖШС-не банкроттық механизм жүйесі жүргізілетін болады.