Үйлестіру кеңесінің отырысында еңбек қауіпсіздігі мәселесі талқыланды

Еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі – кәсіподақтар қызметінің күнделікті күн тәртібіндегі мәселе. Халықаралық Еңбек Ұйымы бастамасымен 28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні болып аталып өтеді.

Бұл іс-шара жұмыс орындарында жазатайым оқиғалар мен аурулардың алдын алуға жәрдемдесу мақсатында өткізіледі. Осы орайда Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі Үйлестіру кеңесінің отырысында облыс кәсіподақтары жұмыс орындарында жазатайым оқиғалар мен аурулардың алдын алуға жәрдемдесу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар барысын талқылады.


Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев күн тәртібіндегі мәселелерді айта келе, еңбек жағдайындағы жазатайым жағдайлардың алдын алуда кәсіподақтардың әлеуметтік әріптестермен бірлескен шараларының маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, бірлестік төрағасы жалпы еңбек жағдайын жақсартуда, қоғамда әлеуметтік-еңбек мәселелерін шешуде кәсіподақтардың құзыреттілігін арттыру туралы ой-пікірлерімен бөлісті.

Кеңес отырысында Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызыметкерлерінің салалық кәсіподағы Қызылорда облыстық филиалы төрайымы Раушан Үмбетова, Ауыл шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Қызылорда облысы филиалы төрағасы Толыбай Жүсіпов, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Сауле Тұрсынбаева хабарлама жасап, облыстық салалық кәсіподақ ұйымдарымен атқарылып жатқан жұмыс барыстары туралы және 2022 жыл аяғына дейін жобаланған жоспарлары туралы ақпараттармен бөлісті.

Жиында аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов 2022 жылдың бірінші тоқсаны қорытындысымен облыс аумағындағы кәсіпорындар мен мекемелерде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жайы туралы ақпарат беріп, еңбек қауіпсіздігі бойынша техникалық инспекторларды оқыту, олардың біліктілігін арттыру маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, Кеңес отырысының күн тәртібіне сәйкес облыстағы кәсіподақ көшбасшыларының құқықтық біліктілігін арттыру мақсатындағы семинар-оқуларды жүргізу жоспарлары, заң клиникасының жұмысы барысы талқыланып, қаралды.