inform.kz: “Кәсіподақтар федерациясының делегациясы Анкарада болды”

НҰР-СҰЛТАН. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының делегациясы Анкараға жұмыс сапары барысында TÜRK-İŞ Түрік кәсіподақтары конфедерациясының штаб-пәтерінде болды. ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің TÜRK-İŞ президенті Эргун Аталаймен кездесуі барысында Қазақстан мен Түркияның ұлттық кәсіподақтар орталықтары арасында 2019 жылы жасалған Келісім аясында одан әрі ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан үлесін атап өтіп, TÜRK-İŞ президенті Түрік кәсіподақтары конфедерациясы атынан Кәсіподақтар федерациясына Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына мүшелікті қалпына келтіру мәселесінде қолдау білдірді.

Эргун Аталай атап өткендей, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының жұмыскерлердің әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғаудағы, әлеуметтік әріптестікті тиімді дамытуды алға бастырудағы тәжірибесі мен іс-әрекеті, сондай-ақ Орталық Азия аймағындағы берік рөлі халықаралық кәсіподақ қауымдастығы мүшелері үшін көрнекі үлгі болып табылады. Тараптар әлеуметтік әділеттілік қағидаларын алға бастыру мен қазақстандық және түрік кәсіподақтары мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау бойынша тәжірибе алмасу бойынша өзара іс-әрекеттің перспективаларын талқылады. Муниципалдық және қоғамдық қызметтер қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қалалық ұйымының басшылығымен өткен жиында кәсіподақ ұйымдарының қызметі жан-жақты талқыланды. ҚРКФ делегациясының жұмыс сапары аясында «Altindag Belediyesi» кәсіпорнында түрік астанасының тұрғын үй-коммуналдық саласының қызметкерлерімен кездесу өтті, ұжымдық шарттың талаптары және ұйым аясындағы әлеуметтік әріптестер арасындағы өзара іс-әрекет мәселелері талқыланды. Қазақстандық делегация Анкара коммуналдық кәсіпорындарының жұмыс жағдайымен танысты.

Кәсіподақ мүшелерінің кәсіби біліктілігін кезең-кезеңімен арттыру және бірлескен консультациялар өткізу мүмкіндіктері ҚРКФ делегациясының Анкарадағы кәсіптік біліктілік басқармасындағы әріптестерімен кездесуі барысында қарастырылды.

https://www.inform.kz/kz/kasipodaktar-federaciyasynyn-delegaciyasy-ankarada-boldy_a3925789