Кеңес одағының батыры Мәншүк Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжінің симуляциялық орталығы базасында 12 мамыр Халықаралық мейірбикелер күніне арналған «Үздік мейірбике -2022» облыстық сайысы өтті.
Аталған шараны ұйымдастырушылар – Облыстық денсаулық сақтау басқармасы, “Senim” денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы, мейірбикелер қауымдастығы мен медициналық колледж. Сайыстың мақсаты денсаулық сақтау саласында еңбегімен елдің ықыласына бөленіп жүрген мейірбикелерді қолдау және медицина қызметкерлерінің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру, беделін арттыру болып табылады.
Сайысқа қалалық және аудандық медициналық мекемелерден 18 орта буын қызметкерлері қатысып, 3 кезең бойынша қатысушы портфолиосы, бейнеролик, әртүрлі шұғыл жағдайларда көмек көрсету станцияларда практикалық дағдыларды көрсету арқылы сынға түсті. Сайысты колледждің тәуелсіз сарапшылары бағалады. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар 12 мамырда өткізілетін облыстық деңгейдегі шарада марапатталады.